АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНІҢ САЙЛАУЫНДА ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

0

Ауылдық округ әкімінің сайлауын тағайындау қалай жүргізіледі?

Сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тағайындайды. Егер әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуға жақын болса, сайлау кемінде 50 күн бұрын жарияланады. Ал егер әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, сайлау бір ай ішінде тағайындалып, жарияланған күннен бастап 40 күн ішінде өткізілуі тиіс.

Кім ауылдық округ әкіміне кандидат бола алады?

Кандидат міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек және 25 жасқа толған, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес келетін, мемлекеттік қызмет саласындағы Е-R-1 санаты үшін белгіленген біліктілік талаптарына сай болуы тиіс.

Біліктілік талаптары: жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білім;

кемінде 3 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде тиісті деңгейдегі лауазымдарда кемінде 1 жыл тәжірибе (мемлекеттік органдарда, құқық қорғау құрылымдарында, әскери немесе басшылық лауазымдарда).

Кандидаттың осы талаптарға сәйкестігін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тексеріп, қорытынды береді.

Әкім болуға кандидаттар қалай ұсынылады?

Үш түрлі тәсіл бар:

Саяси партиялар – өз мүшелері арасынан;

Азаматтар – өзін-өзі ұсыну арқылы;

Егер ұсыну мерзімі аяқталған күні екіден аз кандидат болса, жоғары тұрған әкім кандидат ұсына алады.

Кандидат болу үшін қандай құжаттар тапсыру қажет?

Кандидат аумақтық сайлау комиссиясына жеке басын куәландыратын құжаттарымен бірге білімі, жұмыс өтілі, мемлекеттік қызмет талаптарына сәйкестігін растайтын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен арнайы тексеру жүргізуге қажетті құжаттарды ұсынады. Сонымен қатар, кандидат және оның жұбайы (зайыбы) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына тапсыруы тиіс.

Өзін-өзі ұсынған кандидат қандай қосымша талап орындайды?

Өзін-өзі ұсынған азамат сайлаушылардың кемінде 1% қолын жинауға тиіс.

Қол жинау кандидатты және оның мемлекеттік қызмет талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін ғана басталады. Қолдар арнайы парақтарда жиналады және оларды аумақтық сайлау комиссиясы паспорт қызметкерлерін тарта отырып тексереді.

Сайлаушылардың қолын жинау кезінде қандай мәселелер жиі туындайды?

Қол жинау барысында сайлаушылардың жеке деректерін дұрыс көрсету аса маңызды. Деректерде қателік кетсе немесе сайлаушы тізімде болмаса, ол қол жарамсыз деп танылуы мүмкін. Сондықтан, қол жинау парақтарын толтыруда мұқият болу қажет.

Кандидатты қолдап қол жинауды сенім білдірілген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-2-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін үш күннен кешіктірілмейтін мерзімде, тиісті аумақтық сайлау комиссиясы беретін қол қою парақтарымен ресімделеді.

Қол қою парақтары тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тіркеу кезеңі аяқталғанға дейін үш күннен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.

Сайлау жарнасы не үшін енгізіледі және ол қашан қайтарылады?

Сайлау жарнасы – кандидаттың сайлауға қатысуға деген жауапкершілігін арттыру мақсатындағы талап. Жарна ауылдық округ әкіміне кандидат үшін ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде белгіленген. Жарна:

кандидат сайланса;

немесе кемінде 5% дауыс жинаса;

немесе кандидат қайтыс болса – қайтарылады.

Қалған жағдайда – жергілікті бюджетке өтеді.

Кандидаттардың арнайы тексеруден өтуі не үшін қажет?

Арнайы тексеру Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен жүргізіледі. Бұл рәсім кандидаттың заң талаптарына толық сәйкестігін, оның қызметіне қатысты шектеулердің жоқтығын анықтау үшін қажет. Тексеру нәтижелері 30 күн ішінде ұсынылады.

Кандидаттар неліктен тіркеуден өтпей қалуы мүмкін?

Тіркеуден бас тарту себептері:

құжаттардың толық болмауы;

заңмен белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

декларацияда қате немесе жалған ақпараттың анықталуы;

тіркеуге дейін үгіт жүргізуі;

арнайы тексерудің теріс нәтижесі.

Бұл талаптар барлық кандидаттар үшін бірдей және міндетті.

Бұл сұрақтардың барлығына аумақтық сайлау комиссиясы толық және ашық түрде жауап беруге дайын.

Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау процесінің ашық, әділ және заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды. Сайлауға қатысатын әрбір кандидат пен әрбір сайлаушының құқығы қорғалады.

А.СЫРЛЫБАЕВ, Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.