Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Ата Заң – ел бірлігі мен әділетті қоғамның берік негізі» тақырыбымен мерекелік концерт өтті. Шара көрермендердің көптігімен ерекшеленді. Басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясының маңыздылығын халық арасында насихаттау және еліміздегі құқықтық өзгерістер мен дамуларды түсіндіру.
Бұл мерекелік кешке, Мәдениет саласының үздігі Зияш Жазықбаева жетекшілік ететін би тобы мен өзге де өнерпаздар үлкен дайындықпен келген. Олар кеш барысында өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сахнада олар тек би емес, сонымен қатар, Қазақстанның мәдениетін және халықтың рухын танытуға арналған музыкалық нөмірлерді де орындады.
Шара шымылдығы патриоттық театрландырылған көрініспен ашылып, көрермендерге шабыт пен рух берді. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конститутциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Қордай ауданы бойынша жетекшісі Бейқұт Жамангозов конституциялық реформаларды жүзеге асыруға байланысты халыққа мағлұмат берді. Ол өз сөзінде реформалардың негізгі бағыттарын, атап айтқанда, құқықтық мемлекетті нығайту, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналғанын түсіндіріп өтті. Бұл өзгерістердің елдің әрі қарай дамуына, халқының болашағына деген көзқарасты және сенімділікті арттыруға бағытталғанын да баса айтты.
Шара барысында өнер ұжымы өздерінің үздік музыкалық және сахналық қойылымдарын ұсынды. Грация би тобы «Шығыс ырғақтары» биімен көрермендерді таң қалдырса, Нұрсұлтан ансамблі «Шығыс гүлдері» композициясымен ерекше әсер қалдырды. Балжан тобының «Яблочка» биі кештің мерекелік әуенін одан әрі көтеріп, кәсіби шеберліктерін ерекше танытты.