Жуырда Қордай ауданында шынымен де әсерлі оқиға орын алды. Кеңес Одағының Батыры Николай Белашовтың қызы Валентина Николаевна қоныс тойын тойлады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қордай өңірінен мыңдаған адам майданға аттанды. Олардың қатарында осы өңірдің тумасы, ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Николай Белашов та болды. Оның ерлігі тарихта, қызының жүрегінде мәңгі сақталады.
Валентина Николаевнаның өмірі оңай болған жоқ. Ерте есейген ол тоғыз жасынан сауыншы болып, кейін өмірдің ауыртпалығын мойнына артып, балалары мен немерелерін жалғыз өсірді. Өмірдің қиындықтарына қарамастан, ол әрқашан рухы күшті, қарапайым, еңбекқор адам болып қала берді. Кейуана соңғы кезге дейін, жылусыз, қажетті жағдайсыз Әлжан ана ауылындағы ескі үйде тұрып келген. Бірақ Батыр қызының жағдайын білген аудан басшылығы бей-жай қала алмады.
Оған көп жылдар бойы армандаған жаңа, жылы, жарық, абаттандырылған үй сатып алынды.
Енді Валентина Николаевна лайықты жағдайда, жанұясы ең қымбат дүниесін Отанына сыйлаған адамға лайықты жылулық пен қамқорлықпен өмір сүретін болады. Ол үшін бұл үй тек қабырға ғана емес. Бұл – құрметтің, мемлекет қамқорлығының, бірлік пен алғыстың белгісі.
«Мен ешқашан ештеңе сұраған емеспін. Бірақ жаңа баспанаға ие боласыз деген күн ең бақытты күн болды. Енді қарт шағымды жылылық пен тыныштықта өт-кіземін. Президентке, мемлекетке, маған көңіл бөлген баршаға рахмет», — деді Валентина Николаевна.
Белашовтар отбасы – ұлтаралық бірліктің жарқын үлгісі. Валентина Николаевнаның қызы қазаққа тұрмысқа шыққан, балалары мен немерелері мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Наурыз бен Рождество осы шаңырақта бірдей жылылықпен тойланады. Мұнда славян және қазақ дәстүрлері өзара тату-тәтті тоғысады, ерекше құрмет, қонақжайлылық және өзара қолдау атмосферасын жасайды.
Бала-шағасы, немерелері мен шөберелері – бірлік отбасынан басталатынының, естелік пен шүкіршілік елді сақтайтынының жарқын дәлелі.
Бүгінгі қоныс той тек бір отбасына көмек емес, бір-бірімізді қолдаған кезде ғана қуатты ел бола алатындығымыздың бір дәлел.
Шолпан САБАНОВА