Ауданымызда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Бұл шара аудан әкімі Бегзат Болатбековтың қатысуымен жүзеге асырылды. Аудандық Мәдениет үйінде өткізілген мерекелік шара, ең алдымен, нәзік жандыларымызға арналған құттықтаулармен басталды.
Аудан әкімі Бегзат Болатбеков нәзік жанды аруларға арнаған мерекелік сөзінде, әр әйелдің қоғамымыздағы рөлін жоғары бағалап, олардың өмірге ұрпақ әкелу мүмкіндігімен қатар, еліміздің дамуындағы үлесін ерекше атап өтті.
«Әйелдер қауымы қоғамның қай салада болмасын ер азаматтармен қатар жүріп, елімізді дамытуға аянбай еңбек етіп келеді. Сіздер ауданымыздың оза шауып, жеңістерге жетуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Шара барысында аудан басшысы бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің құттықтау хаттарын, аудан әкімінің алғыс хаты және «Құрмет» грамоталарын табыстады. Бұл шара нәзік жандыларға жасалған құрметтің белгісі. Сондай-ақ, мерекелік жиында, алтын құрсақты аналарымыздың иықтарына ақ орамал жабылып, аудан әкімінің арнайы сый-сияпаттары берілді.
Аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та мерекелік шараға қатысып, абзал аналарды марапаттады. Ол алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыстай отырып, нәзік жандыларымыздың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.
Шара жалғасып, қонақтар мерекеге орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Мұндай мерекелік шаралар әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін айқындап, олардың ел өміріне қосқан үлесін көтермелейді.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ