КӨКТЕМГЕ НЫҚ ҚАДАМ

0

Жамбыл облысының ауыл шаруашылығында айрықша орны бар Қордай ауданы үшін мал шаруашылығы – тіршіліктің өзегі, берекенің бастауы. Қыстың қытымыр сынын еңсеру – бұл өңір үшін жыл сайынғы үлкен жауапкершілік. Биыл қордайлықтар осы міндетті абыроймен атқарып, мал қыстату науқанын ойдағыдай қорытындылады.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, мал қыстау жұмыстарын үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылып, оның төрағасы болып аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев бекітілген. Штабтың негізгі міндеті – малшыларға қажетті көмекті дер кезінде ұйымдастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, әрбір қыстаудың жағдайы тұрақты бақылауда болды.

Жалпы аудан бойынша қыстау орындары мен малшылар үйлерінің саны – 510. Оның ішінде 14 мал қорасы елді мекендерден шалғай орналасқан. Атап айтқанда, «Аңырақай» — Отар ауылдық округінде, «Иірсу» — Кенен ауылдық округінде, «Ұзынсу» — Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде, «Қопа» — Сұлутөр ауылдық округінде, «Соғанды» — Бетқайнар ауылдық округінде, «Қызылсай» — Ауқатты ауылдық округінде және «Керу» — Қаракемер ауылдық округтерінде орналасқан. Бұл қыстаулар – табиғаттың қатал жағдайына қарамастан, еңбек қайнаған алыс нүктелер.

Қыс мезгілінде қораларға баратын жолдарды тазалау, қора маңын қардан аршу жұмыстары мал иелері мен шаруа қожалықтары тарапынан өз күштерімен атқарылды. Осы мақсатта аудан көлемінде 600-ден астам трактор тіркемелерімен және 200-ге жуық автокөлік жұмылдырылған.

Барлық мал қоралары жаз-күз айларында шаруашылықтар мен мал иелерінің өз қаражаттары есебінен жөндеуден өтіп, қысқа қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Өткен жыл мал азығын дайындауға қолайлы болып, шаруалар жем-шөпті жеткілікті көлемде әзірлей алды. Нақтырақ айтқанда, аудан бойынша 50 145 гектар алқап ораққа түсіп, оның ішінде көпжылдық шөп, біржылдық шөп, табиғи шабындық және сүрлемдік жүгері дайындалған. Сонымен қатар, пішендеме, сабан және сүрлем қоры жасақталған.

Әрбір мал қыстату қораларында кемінде 190–260 тонна шөп және 20–25 тонна құнарлы жем қоры болды. Қысқа түскен шартты бірлік мал басына шаққанда 17,5 центнер құнарлы азық дайындалуы – жоспарлы жұмыстың нақты нәтижесі.

Малдың амандығы мен өнімділігін сақтау мақсатында ветеринарлық шаралар да толық көлемде жүргізілді. Қыстауларда дезинфекция және дезинсекция жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып, қауіпті зооантропонозды аурулардың алдын алу шаралары күшейтілді. Бұл жұмыстар Қордай аумақтық ветеринария инспекциясы тарапынан қатаң бақылауға алынған.

ЖҮЙЕЛІ ЕҢБЕК ЖЕМІСІ

Аудан көлемінде мал шаруашылығын дамытуда жүйелі қадамдар жасалуда. Өздеріне тиесілі егістік жерлерге арпа мен көпжылдық шөп егу арқылы шаруашылықтар мал азығын өздері дайындауға басымдық беруде.

Жалпы, Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласының негізгі драйвері – мал шаруашылығы. Бүгінде өңірде өндірілген жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 52 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде 2025 жылы салада оң динамика қалыптасты. Ет өндірісі 2,4 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға ұлғайды. Ал облыстағы жалпы мал саны 3,7 млн басқа жетіп, 2,7 пайызға артқан.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында да ілгерілеу бар. Бүгінде асыл тұқымды мүйізді ірі қара үлесі 12,1 пайызды немесе 52,1 мың басты құраса, асыл тұқымды қой үлесі 26,2 пайызға жетіп, 792,1 мың басты құрап отыр. Өңірде ет бағытындағы 500 бастан жоғары асыл тұқымды ұсақ мал өсірумен 359 шаруа қожалық, ал асыл тұқымды ірі қара өсірумен 59 шаруа қожалығы айналысуда.

Қазіргі таңда облыста сыйымдылығы 1000–7000 бас аралығындағы өндірістік типтегі 9 ірі қара бордақылау алаңы және 5 000 бас қойды бір мезгілде бордақылайтын 2 алаң жұмыс істейді. Қой бордақылау бағытында Қордай ауданындағы «Медет» шаруа қожалығының жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық.

Ет өңдеу саласында да ауданның үлесі айқын. Ет кластері құрамында тәулігіне 300 бас ұсақ малды және 50 бас мүйізді ірі қараны сойып, өңдейтін екі ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Соның бірі – Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» ЖШС.

Сүт шаруашылығы да даму үстінде. Облыста 55 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді. Соның ішінде 600 бас сауын сиырға арналған өндірістік типтегі ферма Қордай ауданындағы «Қақпатас Қордай» ЖШС-ға тиесілі.

Қордай даласында қыс бойы тынымсыз еңбек еткен шаруалардың қажыр-қайраты бүгін нақты нәтижесін беріп отыр. Мал аман, қора толы азық, еңбек жүйелі.

Дайындаған Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.