Қаракемер ауылдық округі тұрғындарының аудан басшылығымен кездесулері барысында жиі көтерілетін мәселелердің бірі – Қаракемер–Керу жолын жөндеу болатын. Аудан әкімі Бегзат Болатбековпен биылғы есептік кездесу кезінде де бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ.
Бұған дейін қаржылық қиындықтарға байланысты аталған мәселе өз шешімін таппаған еді. Ал жуырда аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен жергілікті тұрғындардың қуанышына орай бұл жұмыс қолға алынды.
Қаракемер мен Керу ауылдарын жалғайтын 18,1 шақырымдық жол негізінен таулы аймақпен өтеді. Жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдың жай-күйі нашарлап, қауіп деңгейі де жоғары болып келген. Қаракемер тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі көбіне Керу ауылы маңындағы жерлермен байланысты болғандықтан, бұл бағыттағы сапалы жолдың қажеттілігі әрдайым сезілетін. Атап айтқанда, округ тұрғындарының егістік алқаптары мен жайылымдары сол аймақта орналасқан. Жаз айларында тасты, ой-шұңқырлы жолмен жүру қиын болса, көктем, күз және қыс мезгілдерінде бұл 18,1 шақырым жол нағыз сынаққа айналатын.
Тұрғындардың өтінішін ескере отырып, аудан басшылығы аталған жолды жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда «АрсикоСтройИнвест» ЖШС мердігер ұйымы жұмысқа кіріскен. Жобаның жалпы құны – 941 млн теңге. Қазір жолдың негізін тегістеу, қиыршық тас төсеу және асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Арнайы техникалар жұмылдырылып, құрылыс қарқынды түрде жүріп жатыр. Барлық жұмыстар аудан әкімдігінің, атап айтқанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қатаң бақылауында.
Барлығы жоспарға сай орындалса, жуырда Қаракемер мен Керу ауылдарының арасын сапалы әрі қауіпсіз жол жалғайтын болады.
Ендеше іске сәт!
Жандос ОМАРОВ