Мамыр айы — тек табиғаттың жаңаратын мезгілі ғана емес, мектеп өміріндегі ең қызықты әрі белсенді кезеңдердің бірі. Жуырда, №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектебінде сыныптар арасындағы дәстүрлі спорттық жарыс өтіп, оқушылардың бойындағы күш-жігер мен намысты шыңдады.
Бұл доданың орны ерекше. Биыл мектебіміздің дене шынықтыру пәні мұғалімдері — Рауан Төрегелдиев, Жайдарлым Иманақын, Ерлан Естемесов пен Шыңғыс Дүйсенбектің ұйымдастыруымен жарыс қайта жаңғырды. Ұстаздарымыздың осы бастаманы қолға алуы бізді ерекше қуантып, сайысқа деген қызығушылығымызды арттырды.
Жарыс шымылдығы шапшаңдықты талап ететін эстафеталық жүгіруден басталды. Одан кейін ұзындыққа секіру кезеңінде әр оқушы өзінің ептілігі мен шеберлігін көрсетуге тырысты. Әрбір сәтті секіріс жанкүйерлердің зор қошеметіне ие болып жатты. Ал жарыстың ең тартысты сәті — арқан тартыс пен қол күресі болды. Бұл кезеңде тек физикалық күш емес, командалық рух пен ауызбіршілік те сынға түсті. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» сыныптастардың өзара қолдауы мектеп ауласын ерекше думанға бөледі. Бұл спорттық шара бізге тек марапат пен мақтау қағаздарын ғана емес, ең бастысы — ұмытылмас әсер сыйлады. Біз осы күні жеңістің тек жылдамдық пен күште емес, ауызбіршілікте екенін түсіндік. Спорт бізді шынықтырып қана қоймай, достығымызды одан әрі нығайтты. Сайыс соңында шаршағанымызды ұмытып, жүзімізге қуаныш ұялап, келесі жарыстарды тағатсыздана күтетін болдық.
Мектеп қабырғасында қайта жанданған осындай мазмұнды шаралар біздің жадымызда ұзақ сақталары сөзсіз. Дәстүрлі доданың қайта оралуына себепкер болған ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.
Қымбат СҮГІРБАЕВА, №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы