ӘНМЕН ӨРІЛГЕН ӘЖЕЛЕР ӨНЕГЕСІ

0

Үлкен Сұлутөр ауылында ұлттық өнерді ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге болып жүрген ақ жаулықты әжелердің игі бастамасы көпшілік көңілінен шығып келеді. 2023 жылы ауылдық Аналар алқасының төрайымы Шарипа Толысбаеваның бастамасымен құрылған әжелер ансамблі бүгінде ауыл мәдениетінің ажырамас бір бөлігіне айналды.

Өнерді серік еткен ансамбль құрамында жеті әже бар. Өнерпаз әжелер қазақтың халық әндерін, сырлы әуендерін нақышына келтіре орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүр. Олар әндерді хормен де, жеке орындауда да өз шеберліктерін танытып келеді. Әсіресе, Шәмші Қалдаяқовтың жүрек тербер әуендері мен Мұқағали Мақатаевтың сыршыл өлеңдері ансамбль репертуарынан ерекше орын алған.

Ақ жаулықты аналардың өнерге деген сүйіспеншілігі ауыл көлемімен шектелмей, түрлі мәдени шараларда көрініс табуда. Наурыз мерекесі мен өзге де думанды кештерде сахна төрінен табылып, аудандық байқауларға қатысып жүрген ансамбль ауыл абыройын асқақтатып келеді.

Жуырда ғана, бейсенбі күні, Үлкен Сұлутөрдің өнерлі аналары көрші Сұлутөр ауылына арнайы барып, ауылдық мәдениет үйінде концерттік бағдарлама ұсынды. Кеш барысында Мұқағали Мақатаевтың «Мен деп ойла», Шәмші Қалдаяқовтың «Құрбым жан құрбым» әндері мен халықтың сүйікті туындысы «Беу айдай» шырқалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында көрермендер ақ жаулықты өнерпаздарға алғыстарын білдіріп, олардың ұлттық өнерді дәріптеудегі еңбектеріне жоғары бағасын берді. Расында, ел ішінде осындай өнегелі әжелердің болуы – ұлттық құндылықтардың ұмытылмай, ұрпақ санасына сіңуінің жарқын көрінісі.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.