Соңғы жылдары Қордай ауданында инфрақұрылымның қарқынды дамуы тұрғындарға қолайлы жаңа нысандар мен заманауи қызмет түрлерінің көбейуіне әсер етуде. Ауданның даму барысы тұрғындарды жаңа мүмкіндіктерге жол аша отырып, жергілікті өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуда. Соның айқын дәлелі – Қордайда жаңа автосалонның ашылуы.
Бұл ретте, ауданымызда «ARMAN AUTO KORDAI» автосалоны ресми түрде өз жұмыстарын бастағанын атап өту керек. Ашылу рәсіміне көпшілік жергілікті тұрғындар жиналды, бұл олардың жаңа қызмет түріне деген қызығушылығы мен сұраныстарының жоғары екенін көрсетеді. Енді аудан тұрғындары заманауи көліктерді тиімді шарттармен сатып алу мүмкіндігіне ие болуда. Бұдан бұрын жергілікті тұрғындар жаңа үлгідегі автокөліктерді көру мен таңдау үшін Тараз, Алматы секілді ірі қалаларға баруға мәжбүр болса, енді мұндай қызметтер Қордайда да қолжетімді болып отыр.
Автосалон директоры Жақып Иманбектің айтуынша, Қордайда автосалон ашу туралы идея тұрғындардың сұранысымен тікелей байланысты.
«Алматы және Тараз қалаларындағы филиалдарымызға Қордай тұрғындары жиі келіп, өз ауданында автосалон ашу туралы ұсыныстарын айтатын. Халықтың сұранысына жауап бере отырып, осындай шешім қабылдадық», – дейді директор.
Автосалонда шет мемлекеттерден тікелей тасымалданатын заманауи көліктер ұсынылады. Сонымен қатар, аудан тұрғындары үшін тиімді шарттар да жасалған. Қазіргі таңда төрт жергілікті тұрғын жаңа көлік иесі атанған. Бұдан бөлек, тұрғындар өз көліктерін сату мәселелері бойынша да автосалон қызметіне жүгіне алады.
Жаңа нысанның ашылуы аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер туғызып, Қордайдың кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласының дамып келе жатқандығын көрсетеді. Бүгінде аудан көлемінде халыққа сапалы сервис ұсынатын нысандар саны артып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге және қажетті қызметтерді жергілікті жерде алуға деген мүмкіндіктер жасалуда. Бұл, өз кезегінде, аудан экономикасының өсуіне және тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына жетекшілік етеді.
Қордай ауданында инфрақұрылымдық өзгерістер мен жаңа нысандардың ашылуы болашақта тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және ауданды дамытуға септігін тигізеді.
Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ