БІЛІМ МЕН ТАБАНДЫЛЫҚ ЖЕҢІСІ

0

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлердің қатарында Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Аружан Шымберген де бар. Ол ҰБТ-дан 132 балл жинап, мектебінің ғана емес, ауданның мақтанышына айналды.

Аружанның бұл жетістігі – ұзақ уақыттық еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің жемісі. Ол мектеп қабырғасында білімге деген құштарлығымен, белсенділігімен және үздік үлгерімімен ерекшеленіп келген оқушылардың бірі.

Ұстаздарының айтуынша, ол әрдайым ізденісте жүретін, алдына нақты мақсат қоя білетін талапты шәкірт.

ҰБТ – әр түлектің болашағына жол ашатын маңызды сынақ. Осындай жауапты кезеңде жоғары нәтиже көрсету үлкен дайындық пен психологиялық төзімділікті талап етеді. Аружан бұл сыннан сүрінбей өтіп, өз білімінің деңгейін дәлелдей алды.

«Бұл жетістікке жету үшін көп еңбектендім. Ата-анам мен ұстаздарымның қолдауы ерекше күш берді. Болашақта елге пайдасы тиетін маман иесі болғым келеді», — дейді жас түлек.

Мектеп ұжымы мен сыныптастары Аружанның жетістігін зор қуанышпен қабылдады. Бұл нәтиже кейінгі буын оқушыларына үлгі болып, білімге деген ынтасын арттырары сөзсіз.

Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі. Осындай дарынды жастардың жетістігі – тәуелсіз еліміздің жарқын келешегінің айғағы. Алдағы өмір жолында толағай табыс, биік белестер мен жарқын болашақ тілейміз!

Айпері ИЗБАСАР, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ІІ-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.