Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда аудан тұрғындарын толғандырған маңызды мәселелер қаралды. Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков ашып, күн тәртібіндегі сұрақтармен таныстырып өтті.
Отырыс барысында қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік қызметтердің сапасы және жергілікті басқару саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар болды.
Жиында Қоғамдық кеңестің қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшесі Ж.Орақбайдың баяндамасы тыңдалды. Онда аудан аумағындағы интернет алаяқтыққа қатысты криминогендік ахуал сараланып, құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелердің профилактикалық жұмыстары зерделенгені айтылды.
Мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында аудан көлемінде интернет алаяқтықтың 10 дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 14 дерекпен салыстырғанда 28,6 пайызға төмендеген. Сонымен қатар аяқталған қылмыстық істер саны 9-ға жетіп, қылмыстардың ашылу деңгейі 81,1 пайызды құраған. Бұл өткен жылғы 40 пайыздық көрсеткіштен айтарлықтай жоғары.
Талдау нәтижесі интернет алаяқтықтың ең көп тараған түрі онлайн несие рәсімдеуге байланысты екенін көрсетті. Бұдан бөлек, өзін банк немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып алдау, жалған инвестициялық жобаларға тарту және тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем алу арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер де кездесуде.
Зерделеу барысында алаяқтардың құрбанына көбінесе зейнет жасындағы азаматтар мен әйел адамдар айналатыны анықталған. Сондай-ақ азаматтардың жылдам әрі оңай табыс табуға ұмтылуы да қылмыскерлердің арбауына түсуіне себеп болып отырғаны айтылды.
Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында Қордай аудандық полиция бөлімі тарапынан кең көлемде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында тұрғындармен 73 кездесу өткізіліп, оның ішінде білім беру мекемелерінде, денсаулық сақтау ұйымдарында, мемлекеттік мекемелерде, діни нысандарда және кәсіпкерлік субъектілерінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар жарық көріп, әлеуметтік желілерде ондаған ақпараттық материал жарияланған. Аудан аумағындағы LED экрандарда бейнероликтер көрсетіліп, билбордтар мен ақпараттық брошюралар арқылы тұрғындарға ескерту материалдары таратылған.
Бұл бағыттағы жұмыстарға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығы да белсенді атсалысуда. Жыл басынан бері орталықтың ұйымдастыруымен 56 іс-шара өткізіліп, екі мыңнан астам жас қамтылған. Кездесулер, түсіндіру жұмыстары және ақпараттық акциялар арқылы жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық берілген.
Талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері интернет алаяқтықтың қоғам үшін әлі де өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Комиссия мүшесі М.Аманбаева құқық қорғау органдарының цифрлық қылмыстармен күрестегі мүмкіндіктеріне тоқталып, аудандық полиция бөлімінде білікті IT мамандарының жеткіліктілігі жөнінде сауал көтерді.
Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес тиісті шешім қабылдады. Атап айтқанда, аудандық полиция бөліміне интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу және ашу жұмыстарын күшейту, азаматтарға құқықтық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру ұсынылды. Ал аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне жастар ұйымдарымен және ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, халықтың цифрлық және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шараларды күшейту тапсырылды.
Сондай-ақ отырыста «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң аясында Степной ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар да қаралды. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты пікір алмасып, бірқатар ұсынымдар білдірді.
Жандос ОМАРОВ