ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚА ҚҰРМЕТ

0

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Қордай ауданындағы орталық алаңда әскери қызметшілердің қатысуымен Мемлекеттік Туды көтеру салтанатты рәсімі өтті.

Патриоттық шараға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және аудан тұрғындары қатысты.

Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі – әрбір азаматтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, отансүйгіштік сезімін нығайтатын маңызды әрі тағылымды шара. Салтанатты жиын барысында көк байрағымыз көкке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны асқақ рухпен орындалды.

Мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамдағы бірлік пен келісімді, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл – ұлттық рухтың, патриотизмнің және Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімнің айқын көрінісі.

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын 4 маусым күні Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Бұл – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің басты белгілері саналатын Мемлекеттік Туға, Мемлекеттік Елтаңбаға және Мемлекеттік Әнұранға құрмет көрсетілетін ерекше мереке.

Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихын, мәдениетін, ұлттық болмысын және тәуелсіздігін айшықтайтын маңызды құндылықтар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы 1992 жылғы 4 маусымда бекітілсе, қазіргі Мемлекеттік Әнұран 2006 жылғы 7 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Мемлекеттік рәміздер күні – тек мерекелік дата ғана емес, сонымен қатар елдік нышандардың тарихи және рухани маңызын ұғындыратын тағылымды күн.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.