«ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ»

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – достықтың дәнекері» атты облыстық тіл фестивалі өтті.

Фестиваль Мәдениет үйінің алдында өткен театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылымда ауданның мәдениет қызметкерлері мен «Махаббат» халықтық би ансамблі өнер көрсетіп, қазақ, қырғыз, орыс, дүнген және татар халықтарының достығы мен бірлігін бейнеледі.

Одан кейін қонақтар кітапханашылар ұйымдастырған көрмені тамашалады. Көрмеге Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаев және басқа да ақын-жазушылардың кітаптары қойылды.

Іс-шараның ашылуында облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дауренбеков сөз сөйлеп, тілдің ұлттың тұғыры әрі халықтың баға жетпес байлығы екенін атап өтті. Сондай-ақ, аудан көлемінде мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан тіл жанашырлары Жандос Омаров, Құрманбек Әлімжан, Үсен Тұрлыбаев, Берік Семетаев және Гүлмира Бопи марапатталды.

Келесі кезекте Қарасу ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Елена Борисевич сөз алып, қазақ тілінің өз өміріндегі ерекше орнын айтып, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

«Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенті Раяна Гиншанло қазақ тілін құрметтеу әр азаматтың парызы екенін айтып, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілде еркін сөйлеуге шақырды.

Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасты. «Ойжайлау» фольклорлық ансамблі Қуаныш Ахметовтың «Қарахан» күйін орындаса, Елдар Боранбек «Тілім менің» атты көркем сөзін оқыды. Іс-шара соңында мәдениет үйінің әншілері «Рух пен тіл» композициясын орындап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Фестиваль мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, ұлттар арасындағы достық пен татулықты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шара болды.

Зере ТОҚТАР, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.