Баланың дүниеге келуі – әр отбасы үшін маңызды оқиға. Бүгінде жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін онлайн түрде де, жеке өтініш беру арқылы да жылдам әрі ыңғайлы рәсімдеуге болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалында хабарлады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда баланың тууы үш жұмыс күні ішінде тіркелуі тиіс. Ата-аналар өтінішті өз таңдауы бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу органына бере алады.
Медициналық туу туралы анықтама не болмаса туған фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылады. Медициналық анықтамада ананың деректері, сондай-ақ баланың тегі, аты, туған күні, жынысы және құжатты беру күні көрсетілуі тиіс. Егер құжат қағаз түрінде рәсімделсе, ол медициналық ұйымның қолы мен мөрімен расталуы қажет, ал электрондық нұсқада болса — жауапты қызметкердің ЭЦҚ-сымен куәландырылуы тиіс.
«Жыл басынан бері Жамбыл облысында 7 671 туу туралы куәлік берілді. Тіркеулердің ең көп саны Тараз қаласына тиесілі – мұнда 3 332 туу туралы куәлік рәсімделді. Одан кейін 1 124 куәлік берілген Қордай ауданы және 553 туу тіркелген Байзақ ауданы орналасқан», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл.
Филиалда атап өткендей, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша туу фактісін тіркеуге берілген өтініштердің 80 пайыздан астамы онлайн форматта рәсімделген. Бұл мемлекеттік қызметтерді алудың цифрлық арналарына халық сұранысының тұрақты екенін көрсетеді.
Еске салайық, туу туралы куәлікті алу үшін баланың тууын тіркеуге өтініш беру қажет. Мұны SMS-хабарламалар арқылы проактивті форматта, электрондық үкімет порталы немесе мобильді қосымшалар арқылы онлайн, сондай-ақ ХҚКО-ға жүгіну арқылы жүзеге асыруға болады.