Редакциямызға Домалақ ана көшесінің (РЭС төңірегі) ауылының келбетіне бейжай қарай алмайтын тұрғындар хабарласты. Жұртшылық бұзақыларды тауып, жауапкершілікке тартуды және бейнебақылау камераларын орнатуды талап етуде.
Соңғы жылдары ауданымызда балаларға арналған бірнеше ойын алаңдары ашылды. Бүгінде әр ауылда бүлдіршіндерге арналған шағын демалыс орындары бар. Онда әткеншектер, сырғанақтар және балалардың ойнап, дене шынықтыруына арналған түрлі қондырғылар орнатылған. Балалар алаңының ашылуы – өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға және олардың бос уақытын тиімді әрі белсенді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған нақты қадам. Мұның барлығы аудан басшылығының бастамасымен және ауылдық округ әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Алайда, өкінішке қарай, кейде көңілге көлеңке түсіретін келеңсіз жағдайлар да кездесіп жатады.
«Ауылдық округ әкімдігі балаларымыз бос уақытын пайдалы өткізсін деп ойын алаңын салып берді. Бірақ, бір өкініштісі, өз балаларымыздың арасында, әсіресе жасөспірімдер мен жастар, мұның барлығы өз игіліктері үшін жасалғанын түсінбейтін немесе түсінгісі келмейтіндері баршылық. Күн сайын кешкі және түнгі уақытта мұнда қыз-жігіттер жиналады. Біз оған қарсы емеспіз. Бірақ олар шулап, өзара жанжал шығарады. Бұл мәселенің бір қыры ғана. Ең өкініштісі – әткеншектер мен спорттық құрылғыларды сындырып кетеді, оған қоса таңертең алаң қоқысқа толып жатады. Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері күн сайын таңғы сағат 5-тен бастап тазалық жұмыстарын жүргізіп, қажет жерін жөндеп, қалпына келтіреді. Ал адамдар болса өз перзентеріміздің істеген ісіне әкімдікті кінәлауға құмар: «Әкімдік қайда қарап отыр? Әкімдік жұмыс істемейді» деп шыға келеді. Өзіміз қандаймыз?» – деп жергілікті тұрғындар жанайқайын жасырмады.
Өте орынды сұрақ: біз өзіміз қандаймыз? Егер әрбір саналы ата-ана балаларына өзгенің еңбегін құрметтеуді, игі іске жанашырлықпен қарауды, қоғамдық мүлікті көздің қарашығындай сақтауды үнемі ескертіп отырса, мұндай бұзақылық әрекеттердің орын алуы да сирек болар еді.