Қордай аудандық «жасыл» саябақта, аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының ұйымдастыруымен, мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер жәрмеңкесі өткізілді.
Бұл шара – талантты және шығармашыл балалардың зор мүмкіндіктері мен өнерін көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылған. Жәрмеңке аясында ұсынылған шығармашылық туындылар, балалардың мейірімділігін, бастамашылдығын және шексіз қиялын білдіреді.
Іс-шара басталған сәттен-ақ, саябақта жасалған ерекше атмосфера жұртшылықтың назарын бірден аударды. Көптеген адамдар жиналып, жеткіншектердің қолынан шыққан өнер туындыларын тамашалады. Балақайлардың көзіндегі қуаныш, өз қолдарымен жасаған шығармаларының бағаланғанын сезінулері, жәрмеңкенің басты жетістігі. Бұл – көптеген жұртшылықтың жүрегіне мейірім мен жақсылық ұялатты, әрі балалардың өнеріне деген құрметті арттырды.
Жәрмеңке барысында ұсынылған қолөнер бұйымдарының түр-түрі, олардың шығармашылық қабілеттерінің қаншалықты бай екенін көрсетеді.
Қазіргі қоғамға қарасақ, инклюзивті ортаның қажеттілігі күннен-күнге артып келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың тәжірибесі қоғамның кез келген мүшесі үшін маңызды, өйткені әр баланың дарындылығы мен ерекше қабілеттері түсіністік, қолдау және қабылдау арқылы ашылады. Осы жәрмеңке – қоғамның мүмкіндігі шектеулі азаматтарын қабылдап, олардың шығармашылығын сіңіріп, қолдаудың бір көрінісі.
Шараның қатысушылары белсенділік танытып, қолөнер шеберлігін көрсету арқылы тек өздерінің шығармашылық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы басқа балалармен байланыс орнату мүмкіндіктерін де сезініп жатты. Әр бала, өзінің дарындылығына сенім артып, шығармашылықтарын дамытуға бағытталған өзгеше мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін кез келген кедергіні жеңуге дайын екендігін осылайша дәлелдеді. Көпшілік алдында өз өнерлерін ұсыну, өздерін жақсы көрсете алу, олар үшін үлкен мақсат.
Аталмыш жәрмеңке – бұл тек балалардың шығармашылығын көрсету ғана емес, сонымен қатар, оларды қолдап, жаңа мүмкіндіктерге жетелеудің бірегей жолы.
Әділет САТЫШЕВ