ӘЖЕГЕ ҚҰРМЕТ, АНАҒА ІЗЕТ

0

Мереке қарсаңында «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділері және ауданның ерікті жастары Көктөбе ауылының тұрғыны Қалибүбі Тойболдинаның үйіне арнайы барып, сый-құрмет көрсетіп, мерекемен құттықтап қайтты.

1933 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Көктөбе ауылында дүниеге келген Қалибүбі әже отбасының ғана емес, әулетінің ұйытқысы, ағайын-абысындардың бірлігін, татулығын сақтап отырған сыйлы ана.
Кездесу барысында жасы тоқсанға таяған әжей жастарға өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, «ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып», қазіргі таңда қара шаңырақта немере-шөберелерін тәрбиелеп отырғанын айтты. Қарт ананың ұл-қыздары еліміздің әр саласында қызмет атқаруда. Мереке қарсаңында жастардың тарапынан осындай қошемет – құрметке ие болған абзал ана ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
«Қарты бар үйдің — қазынасы бар», деп дана халқымыз айтқандай, үйінде қариясы бар жанұя – шынында да, қазыналы, берекелі жанұя. «Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады», деген қанатты сөздер бар. Өйткені, кез келген қазақ шаңырағындағы ата-ана өз баласын үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтіні ақиқат.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қарты бар елдің — қазынасы бар» тақырыбында өткен кездесу осының айғағы. «Nur Otan» партиясының ғимаратында көп жылдар бойы ауданымызға еңбегі сіңген Жамбыл облысының және Қордай ауданының құрметті азаматы Төле Сүгірбаймен кездесуге «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділері және ауданның ерікті жастары қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Төле Аманжолұлы жастарға өнеге, болашаққа қолғанат болатын қанатты сөздерімен жастарды шабыттандырып, қоғамдық өмірде белсенділік танытқан жастарға көңілінің толатындығын айта отырып, жастардың әрбір шарасын жоғары бағалап, қолдау көрсетіп, сенімін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.