23 маусым күні Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Нұржан Молдабековтің төрағалығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, аудандық бөлім мен мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібіне аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен әлеуметтік әл-ауқатына қатысты екі маңызды мәселе енгізілді. Атап айтқанда, жазғы кезеңдегі шомылу маусымы мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар және халықты жұмыспен қамтудағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қаралды.
Өрт қауіпсіздігі мен шомылу маусымындағы сақтық шаралары талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Бейқұт Жамангозов баяндама жасады.
Мәселені талқылау барысында Қордай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Азамат Әбіш аудан аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи және дала өрттерінің алдын алу, сондай-ақ су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Отырыс қорытындысында Қоғамдық кеңес аудандық төтенше жағдайлар бөліміне профилактикалық жұмыстарды күшейту, ерікті өртке қарсы құрылымдардың дайындығын тұрақты бақылауда ұстау, су айдындарында патрульдеу жұмыстарын жалғастыру және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде ұсынымдар қабылдады.
Жұмыспен қамту бағдарламаларының орындалуы қаралды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Айнұр Алматаева баяндама оқыды.
Одан кейін Қордай ауданы бойынша Мансап орталығы филиалының директоры Саламат Көпешов халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Сонымен қатар Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова да саладағы өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер беріп, қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Талқылау барысында тұрақты жұмыс орындарын ашу, жастар тәжірибесін ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, алғашқы жұмыс орны жобасын жүзеге асыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары және өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету, жұмыс берушілермен байланысты нығайту және тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс барысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Қабылданған шешімдердің орындалуы Қоғамдық кеңестің салалық комиссияларының бақылауында болмақ.