Нашақорлық – қауіпті індет

0

Адамзаттың ғасырлар бойы бетпе-бет келіп келе жатқан ең қауіпті мәселелерінің бірі – есірткі заты. Бұл – адам санасының нашарлауына, ерік-жігерінің бұзылуына, нәтижесінде түрлі қылмыстар мен әлеуметтік проблемаларға әкеп соғады. Мұндай зиянды заттардың таралуы мен қолданылуы – қоғамның әрбір мүшесіне үлкен қауіп болып табылады. Есірткінің әсерінен адамдар есінен танып, жақындарын, туған-туыстарын, қоғамды өздерінің жаман жолына ертіп апарады.

Сондықтан да, есірткімен күрес – біздің азаматтық парызымыз. Осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымы 1987 жылы 26 маусым күнін «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп белгілеп, әрбір елді есірткі саудасына қарсы бірігуге шақырды. Бұл күні әлемнің әр бұрышында есірткіге қарсы түрлі шаралар мен акциялар өткізіледі. Жастар мен жалпы қоғам мүшелеріне есірткінің зияндылығы мен онымен күресудің маңыздылығы жөнінде ақпарат таратылады.

Атаулы күн шеңберінде, Қордай аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкері, полиция капитаны Әділет Ынтымен тілдестік. Әділет Қуатұлы – Қордай ауданында туып-өскен азамат. Оның білім жолы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде техник мамандығы бойынша, кейін Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде заңтану мамандығын меңгерумен басталды.

2018 жылы Қордай аудандық полиция бөлімінде тергеуші болып жұмысқа кіріскен жас офицер, құқық қорғаушы ретінде өз мансабындағы қиындықтарды жеңіп, табандылықпен жұмыс істеді. Өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігі арқасында, 2025 жылдың наурыз айынан бастап, Қордай аудандық полиция бөлімінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі лауазымына тағайындалды.

Кейіпкеріміз үшін есірткімен күрес – тек кәсіби міндет емес, ол өзінің азаматтық парызы. Ол күн сайын есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы күрес жүргізіп, жасөспірімдердің араласуынан қорғау үшін бар күш-жігерін салады.

«Менің мақсатым – жастарымызды жеңіл жолмен пайда табуға шақыратын көзсіз қадамдардан қорғау. Есірткі – біздің болашағымызды, еліміздің дамуын тежейтін қауіпті құбылыс. Сондықтан менің міндетім – осы қауіпті жою»,-деп түсіндірді Әділет Қуатұлы.

Оның сөзінше, өз жұмысының негізінде тек дәлелденген деректер мен зерттеулерді пайдаланады.

«Жалған хабарлама үшін азаматтар жауапкершілік арқалауы мүмкін»,— дейді ол. Мұндай мәлімдемелер адам өміріне, қоғамның әлеуетіне тигізетін әсерін ескере отырып, өте өзекті.

Әділеттің айтуынша, есірткімен күресте ақпараттандыру және жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу – табысты нәтижеге жетудің басты негізі.

«Жастарға есірткінің қасіреті туралы түсіндіру, оларға қолдау көрсету – біз үшін басты міндет»,-дейді полиция капитаны.

Сондай-ақ, Әділет осы мақсатта өз әріптестерімен бірлесіп, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл іс-шаралар жастарды есірткіден аулақ болуға ынталандырып, қоғамда осы проблема туралы ашық түрде сөйлесу үшін мүмкіндік береді. Полиция бөлімінің жүргізген профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде жастар арасында есірткіге деген қызығушылықтың төмендегенін және құқық бұзушылықтардың азайғанын байқауға болады.

Қордай аудандық полиция бөлімімен жүргізілген мониторинг жұмыстары да осы мәселеде тиімділік танытуда. Әділеттің айтуынша, нақты статистика мен зерттеу нәтижелері болғанда, есірткімен күресудің тағы да тиімді жолдарын анықтауға мүмкіндік беретін болады. Бұл, өз кезегінде, полиция қызметкерлерінің жұмысының тиімділігін арттырып, қоғамдағы онымен күресушілердің моральдық-этикалық деңгейін жоғарылатуға көмектеседі.

Адамзаттың ең үлкен проблемаларының бірі болып табылатын есірткімен күресте Әділет Ынты секілді мамандардың жұмысы, қоғамның қолданатын теріс әсерлерге қарсы тұру қаупін төмендетуде маңызды рөл атқарады.

Жастарды біліммен қаруландырып, бақытты әрі салауатты өмір сүруге ықпал ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.