Айбарлы Ата Заңымыз

0

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің, құқықтық жүйесінің және демократиялық дамуының берік негізі. Ол – еліміздің басты нормативтік-құқықтық актісі әрі барлық заңдардың қайнар көзі. Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы, қоғам мен мемлекеттің негізгі қағидаттары айқындалған.

15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция Қазақстанда 1 шілдеде күшіне енді. Нәтижесінде Конституция күнін ресми түрде атап өту күні де өзгерді.

15 наурыз енді мемлекеттік мереке болып саналады. Бұл норма жаңа Конституцияның 94-бабы 2-тармағында бекітілген. Осылайша, 15 наурыз қазақстандықтар үшін жаңа демалыс күніне айналып отыр.

Конституцияның қабылдануы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына, демократиялық институттардың дамуына және қоғамдық тұрақтылықтың нығаюына үлкен серпін берді. Конституцияның ең басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ата Заңда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, ал оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені белгіленген. Бұл қағида еліміздің барлық заңнамасы мен мемлекеттік саясатының негізгі бағытын айқындайды. Конституция мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну қағидатын бекітеді. Бұл билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін сақтауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Сот билігінің тәуелсіздігі – құқықтық мемлекеттің маңызды кепілі. Әрбір азаматтың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқығы Конституциямен кепілдендірілген.

Жаңа Конституция – еліміздің қазіргі саяси-құқықтық даму кезеңін айқын көрсетеді. Онда Әділетті Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтары нақты бекітілген. Бұл құндылықтардың негізінде – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тұр.

Жаңа Конституция Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

Негізгі заңның Преамбуласы толық жаңартылды. Ол енді тек кіріспе сипатта ғана емес, сонымен қатар жүйе құрушы мәнге ие. Преамбулада еліміздің өткенін бейнелейтін және бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан.

«Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидалары нығайтылды. Сонымен бірге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары басымдылығы нақты айқындалды.

Қазақстан Республикасының қызметінің негізін қалаушы қағидаттары қайта пайымдалып, түбегейлі түрде кеңейтілді: егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондай-ақ жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбекқорлық, прогресс пен білім құндылықтарын орнықтыру, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау басым бағыттар ретінде айқындалды.

Е.Ілиясов, Қордай аудандық сотының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.