Цифрландыру – дамудың кілті

0

Қазақстан азаматтарының әлеуметтік қолдау жүйесінде маңызды жаңалық енгізілуде. Бұдан былай жәрдемақыларды алу үшін құжаттар қағаз күйінде тапсырылатын дәстүрлі жолдан цифрлық жүйеге көшу қолға алынды. Бұл құжаттарды цифрландыру, мемлекеттік қызметтердің тұтастай автоматтандырылуы отбасылардың әлеуметтік жағдайын тиімді әрі жылдам мониторингтеуге мүмкіндік беретін үлкен қадам болып отыр.

Мұндай жаңғырулар Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен маңызды жиында талқыланды. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, тиісті бөлімдер мен мекемелердің өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Отбасының цифрлық картасы еліміздегі 24 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған кешенді платформа ретінде жасақталған. Бұл жүйе қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын түсінуге мүмкіндік беретін аналитикалық құрал ретінде қызмет етеді. Мұндай үлкен көлемдегі мәліметтерді ретке келтіру, сараптау өте күрделі процесс екенін атап өткен жөн. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, цифрлық картада азаматтардың дерекқоры мұқият сараланып, одан кейін олар отбасыларға біріктіріледі. Бұл отбасының нақты әлеуметтік жағдайын дәл бағалауға мүмкіндік береді.

Цифрлық картаның пәрменділігі – оның көмегімен 12 түрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақыны онлайн рәсімдеуге болады. Бұл – бала туу және күтім бойынша жәрдемақылар, мүмкіндігі шектеулі балаға күтім көрсету, жұмыссыздық бойынша төлемдер, асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақылар және «Күміс алқа», «Алтын алқа» сияқты марапаттарға қатысты әлеуметтік төлемдерді қамтиды. Осы процестің тағы бір ерекшелігі – көмекке өтініш беру уақытында кешігіп қалған азаматтарға автоматты түрде sms хабарлама жіберу. Егер хабарлама расталса, онда мемлекеттік қызмет көрсетілуі автоматтандырылған жүйе арқылы іске асады, яғни өтініш берушіге қосымша қиындықтар туғызбай, қажетті қолдау уақтылы беріледі.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Ақынғалиұлының айтуынша, отбасының цифрлық картасы – бір үй шаруашылығының әлеуметтік жағдайын кешенді түрде анықтап, отбасына қажетті мемлекеттік қолдаудың түрін нақтылайтын маңызды құрал. Мысалы, отбасының жалпы табысы, мүлкі, әлеуметтік активтері – оның ішінде тұрғын үй, көлік және жеке шаруашылығы бар-жоғы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу сияқты факторлар бір жүйеге келтіріледі. Бұл деректердің негізінде әр отбасының әлеуметтік жағдайы толық және объективті бағаланады. Нәтижесінде, қажетті қолдау шаралары – жәрдемақылардан бастап басқа да мемлекеттік көмектерге дейін – дәлме-дәл көрсетіледі және азаматтардың уақытында қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.

Осылайша, цифрлық технологиялардың интеграциясы және әкімдіктің, мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы еліміздегі әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Қағазбастылықтың төмендеуі, қызмет көрсету жылдамдығының артуы, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудегі ашықтық пен тиімділіктің күшеюі – осы процестің айқын пайдасы. Бұл жүйе еліміздегі әлеуметтік саясаттың заманауи талаптарға сәйкес дамуының көрінісі және әрбір қазақстандыққа арналған адал әрі сенімді мемлекеттік қолдаудың кепілі болып табылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.