Жер шарының ең солтүстік нүктесінде Қазақстанның Мемлекеттік Туын желбірету – Қордай ауданының тумасы Әділет Рахметолланың бала күнінен бергі асыл арманы еді. Сол арман оны алыс сапарларға жетелеп, үлкен мақсаттарға ұмтылдырды.
Биыл сол арман ақиқатқа айналды. Кенен ауылының тумасы, жерлесіміз Әділет Рахметолла Солтүстік полюске ұйымдастырылған халықаралық экспедицияға қатысып қайтты. Арктиканың ұлан-ғайыр мұз алқаптары, мұзды мұхит, полярлық күннің ерекше шапағы мен табиғаттың тылсым тыныштығы оның жадында мәңгі сақталары анық.
– Мен әрдайым әлемнің ең шеткі нүктесіне барып, сол жерде Қазақстанның көк Туын желбіретуді армандадым. Сол сәт келгенде бойымды кернеген сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес еді, — дейді Әділет.
Әділет – кәсіби бейнеоператор. Ол жылдар бойы Қазақстанның көрікті өңірлерін аралап, табиғаттың әсемдігін насихаттайтын бейнежобалар түсіріп келеді. Оның еңбектері арқылы көрермендер асқар таулардың айбынын, сайын даланың кеңдігін, мөлдір көлдер мен көркем шатқалдардың сұлулығын жаңа қырынан тамашалап жүр.
Алайда Арктикаға сапар оның өміріндегі ең ерекше экспедиция болды. Солтүстік полюске жету – тек туристік саяхат емес, төзімділік пен батылдықты талап ететін үлкен сынақ.
Экспедиция барысында Әділет Арктиканың айбарлы символы – ақ аюды да көру бақытына ие болды. Табиғаттың аса қатал жағдайында әлемдегі ең ірі жыртқыштардың бірімен жүздесу оның есінде мәңгі сақталатын ерекше сәттердің біріне айналды.
Әлемнің талай елін аралағанымен, жас саяхатшы үшін туған жердің орны әрдайым бөлек.
– Саяхаттаған сайын Қазақстанның қандай сұлу ел екенін тереңірек түсіне түсесің. Көп жағдайда біз сұлулықты алыстан іздейміз. Ал шын мәнінде ол өз жерімізде – асқар тауларымызда, сайын даламызда, мөлдір көлдерімізде және кең пейілді халқымызда. Мен үшін туған Кенен ауылынан, қасиетті Қордайдан артық мекен жоқ, — дейді ол.
Бүгінде Әділет Рахметолла саяхаттарын жалғастырып, әлемнің түрлі түкпірін бейнекамерасының объективі арқылы көпшілікке таныстырып жүр. Бірақ қай жерде жүрсе де, оның жүрегінде туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен Қазақстанды әлемге таныту арманы бірге жүреді.
Әділеттің өмір жолы – үлкен арманға сенген жанның мақсатына міндетті түрде жететінінің айқын дәлелі. Өйткені кез келген биік белеске апарар жол туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.
Шолпан Сабанова