Қордай ауданының тұрғыны Замин Замановтың өмірі мен қызметі – ұлттық ат спортының өркендеуіне бағытталған қажырлы еңбектің жарқын үлгісі. Ол бала кезінен-ақ жылқыларға деген ерекше қызығушылық пен сүйіспеншілік танытты. Бұл табиғи құштарлық оның өмірлік кәсібіне айналып, атбегілік өнеріне деген шексіз сүйіспеншіліктің негізі қалыптасты.
Заманов Замин – 2011 жылдан бастап таза қанды бәйге жылқыларын баптаумен кәсіби түрде айналысып келеді. Бұл салада ол тек жануарларға күтім жасауға ғана емес, олардың физикалық және психологиялық дайындығын жақсартуға, жарысқа қажетті қасиеттерін шыңдауға үлкен мән береді. Оның еңбегі мен қызметі, ең алдымен, жүйрік тұлпарлар дайындауға бағытталған. Осы мақсатта кейіпкеріміз қажырлы еңбекпен және терең біліммен жылқының денсаулығы мен шеберлігін, бабын тануға ерекше назар аударады. Ол баптаған тұлпарлар жарыстарда әрдайым жоғары нәтижелер көрсетіп, республикаға танымал атбегілер қатарында өзін мойындатты.
«Мен үшін жылқы – тек жануар емес, өмірдің маңызы зор серігі. Бала күннен бастап ат спортына деген қызығушылығым мен сүйіспеншілігім артып, осы жолды өмірлік мақсатым деп таңдадым. Әрбір жылқының өз мінезі, өз ерекшелігі бар, сол ерекшеліктерді түсініп, дұрыс баптау – менің міндетім», — дейді бапкер.
Оның ең басты мақтанышы – әйгілі «Тайван» атты тұлпары. Бұл жылқы республикалық аламан бәйгелерде бірнеше мәрте топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Өзінің тамаша жарыс көрсеткіштерімен «Тайван» ел арасында ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында да бірнеше рет танылып, ат спортының жанкүйерлерінің ерекше құрметіне бөленді. Автокөлік секілді бағалы сыйлықтардың иесі атануы – Заминнің кәсібіне деген шынайы адалдығы және атқа деген махаббатының айғағы.
«Жүйрік тұлпарды баптау көп еңбекті, шыдамдылықты қажет етеді. Бұл – тек физикалық дайындық емес, жылқының рухани жағдайы мен сенімін нығайту деген сөз. Менің мақсатым – Қазақстанның ат спорты саласын өркендету және ұлттық дәстүрлерімізді сақтап қалу», — деп пікірімен бөлісті тәжірибелі атбегі.
Әрбір тұлпардың қабілетін толық ашу үшін күнделікті ізденіс пен табандылықты талап ететін бұл жолда оларды тек баптау ғана емес, толыққанды қамқорлық, эмоционалдық тұрғыдан да жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды. Замин осы қасиеттерімен ерекшеленіп, баптаған жылқыларының жарыстарда үздік нәтиже көрсетуінің басты себебі осында жатыр.
Ұлттық ат спортының дамуы мен танымал болуына айтарлықтай үлес қосқан Заманов Заминнің еңбегі елге таныс әрі құрметке лайық. Оның қажырлы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен ұлттық құндылықтарға деген махаббаты – жас ұрпаққа үлгі. Оның өмір жолы мен жетістіктері бұл игі іске адалдықпен, ынтамен және махаббатпен қызмет етудің қаншалықты маңызды екендігін паш етеді.