Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «ForYou Energy» ЖШС қолға алған қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарататын зауыттың құрылысына капсула салу рәсіміне қатысты.
Ірі инвестициялық жоба Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жобаның өңір үшін маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді. Жылдар бойы жинақталған тұрмыстық қалдықтарды тиімді кәдеге жарату, полигондарға түсетін жүктемені азайту және қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін бастау алған жоба өңір үшін аса маңызды, — деді өңір басшысы.
Жобаның жалпы құны 80 млрд теңгені құрайды. Ол екі кезеңмен іске асырылады: бірінші кезең 2027 жылдың І тоқсанында, екінші кезең 2029 жылдың ІІІ тоқсанында пайдалануға беріледі.