БИЫЛҒЫ БЕРЕКЕ – ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

0

Өңірде масақты дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталды

Жаздың соңғы айлары – диқан қауымы үшін жауапты кезең. Жыл бойғы маңдай тердің өтеуі саналатын егін орағының әр күні маңызды. Биылғы маусым шаруалар үшін сәтті болды деуге негіз бар. Өйткені қолайлы ауа райы мен агротехникалық талаптардың уақытылы орындалуы мол өнім алуға мүмкіндік берді.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2026 жылы өңірдегі жалпы егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 18,9 мың гектарға ұлғайып, 658,8 мың гектарды құрады.

Егіс құрылымында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 376,7 мың гектарға орналастырылса, майлы дақылдар 40,9 мың гектарды алып жатыр. Сонымен қатар қант қызылшасы – 8,9 мың, картоп – 8,4 мың, көкөніс – 28 мың, бақша дақылдары – 9,7 мың, ал мал азықтық дақылдар 186,3 мың гектар алқапқа егілген.

Биыл суару жүйелерін жаңғырту жұмыстары да егіс құрылымына әсер етті. Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 91 суару каналында күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты суармалы алқаптардың бір бөлігіне тәлімі (суарылмайтын) дақылдар егілді.

Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі облысқа мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатына сәйкес жалпы көлемі 8,3 мың тонна дизель отынын бөлді. Бөлінген көлемді өңірлерге жеткізу үшін сегіз оператор айқындалды.

Күзгі дала және егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу мақсатында 10 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның ішінде 490 комбайн, 5,4 мың трактор және 4 мыңға жуық өзге де техника бар.

Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Егін орағы науқанының есепті кезеңінде масақты дәнді дақылдар 168,8 мың гектар алқаптан толықтай (100 пайыз) жиналып болды. Барлығы 293,1 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде: бидай – 72,2 мың гектар алқаптан 133,8 мың тонна, арпа – 96,6 мың гектар алқаптан 159,3 мың тонна жиналды.

Қолайлы ауа райы жағдайлары мен агротехникалық шаралардың дер кезінде орындалуының нәтижесінде масақты дәнді дақылдардың орташа өнімділігі өткен жылғы гектарына 7,6 центнерден биыл гектарына 17,4 центнерге дейін артты.

Сонымен қатар бүгінде картоп, көкөніс және бақша дақылдарын уақытылы жинау жұмыстары жалғасуда.

Атап айтқанда, 1,8 мың гектар алқаптан 42,2 мың тонна картоп (жалпы көлемнің 22,3 пайызы), 4,9 мың гектар көкөніс алқабынан 128 мың тонна көкөніс (17,7 пайызы) және 4 мың гектар бақша алқабынан 122,4 мың тонна бақша өнімдері (41,8 пайызы) жиналды.

Жиналған өнім өңірдің ішкі нарығына және еліміздің басқа облыстарына жөнелтілуде.

Жалпы, биыл өңірде 3,4 миллион тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жоспарланып отыр.

Юрий ЕФИМОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.