Тараз қаласында білім саласының өзекті мәселелері мен жаңа оқу жылына қойылған басым міндеттерді айқындаған дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
Ауқымды жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков қатысып, өңірдегі білім сапасын арттыру, педагогтардың кәсіби әлеуетін көтеру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселелерін талқылады.
Конференция барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер мен басым бағыттар белгіленді.
Қордай ауданының білім саласы үшін бұл күн айрықша жетістіктермен есте қалды.
Тамыз конференциясы аясында Қордай ауданының бірқатар білім саласының үздіктері марапат төрінен көрінді. Перизат Кесикпаева – Талғат Бигелдинов атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы. Білім саласына қосқан еңбегі мен кәсіби қызметі үшін Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бақытжан Арқабаев – №1 Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры, «Футбол» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі, педагог-зерттеуші. «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Ал Бауыржан Момышұлы атындағы №43 орта мектебі «Үздік ауыл мектебі» номинациясында жеңімпаз атанып, 1 000 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
Сонымен қатар, тамыз конференциясы барысында білім саласын қолдауға бағытталған маңызды бастама жүзеге асып, Жамбыл облысының білім басқармасына 10 автокөлік табысталды. Бұл қолдау білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, педагогтардың қызметін тиімді ұйымдастыруға және білім беру жүйесінің мобильділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ұстаз еңбегін бағалау – білім сапасын арттыруға, кәсіби жауапкершілікті нығайтуға және өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлесті мойындау.
Қордай ауданының білім саласы атынан марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз!
Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Жаңа оқу жылында толағай табыстар, шығармашылық ізденіс және биік жетістіктер тілейміз!