18 тамыз – Қазақстандағы шекарашы-лардың кәсіби мерекесі. Бұл күн еліміздің шекарасын күзеткен қызметкер-лердің қажырлы еңбегі мен жанқиярлық-тарын айрықша атап өтетін маңызды дата.
Шекарашылардың жұмысы тек заңнамалық ережелер мен техникалық талаптарды ғана емес, сонымен бірге жоғары деңгейдегі қырағылықты, шыдамдылықты, сабырлылықты және кез келген жағдайда жылдам әрі тиімді әрекет етуге дайын болуды талап етеді.
Мемлекеттік шекараны қорғау – тек әскери міндет қана емес, сонымен қатар Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, ұлттық мүддесін күнделікті қорғау деген ұғым. Бұл бағытта жұмыс істейтін шекара қызметкерлері әрдайым елдің тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз етуге, заң бұзушылар мен шекараны заңсыз кесіп өту әрекеттерін тоқтатуға үлкен үлес қосады.
Осы маңызды датаны мерекелеу мақсатында Қордай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өткізілді. Бұл мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, Қордай ауданы шекара басқармасының бастығы, полковник Нұржан Иренчиев және басқа да мемлекеттік және әскери қызметшілер қатысты.
«Бүгінгі таңда шекарашылардың кәсібилігі мен табандылығы – еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі болып отыр. Олар әр кезде заң жүзінде анықталған талаптарды сақтай отырып, кез келген қиын жағдайда елдің мүддесін бірінші орынға қояды. Мұндай жауапкершілік әрқайсымыздың жүрегімізге от жағатын патриоттық рух пен адалдықтың айқын көрінісі деп есептеймін. Баршаңызды аудан басшысы Бегзат Болатбековтың атынан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!», — деді Нұрболат Ақынғалиұлы.
Қордай ауданы шекара басқармасының бастығы, полковник Нұржан Иренчиев те салтанатты шарада сөз сөйледі.
«Елдің шекарасын күзету – бұл тек әскери міндет қана емес, бұл – барша қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірінің кепілі. Ұлы міндетті абыроймен атқарып жүрген шекара қызметкерлерін кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», — деп тілегін білдірді ол.
Марапаттау рәсімінде үздік қызметкерлер мен ардагерлерге Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың, облыстық, аудандық шекара басқармасы бастығының алғыс хаттары мен арнайы грамоталары табыс етілді. Бұл марапаттар – шекарашылардың күнделікті қажырлы еңбегін, үнемі жоғары деңгейде қызмет атқаруын, қиын және жауапты міндеттерді адал орындауын мойындаудың әрі ынталандырудың белгісі. Шара аудан өнерпаздарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен қорытыланды.