СПОРТ САЛАСЫНЫҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ ЖАЙЛЫ

0

Қордай ауданында дене шынықтыру және спорт саласында 2026 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылау, өзекті мәселелерді талқылау және алдағы міндеттерді айқындау мақсатында жиын өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл төрағалық етті. Басқосуға спорт саласының мамандары, спорт мектептері мен спорт клубтарының басшылары, жаттықтырушылар және салаға жауапты қызметкерлер қатысты.

Жиын барысында ауданның спорт саласында атқарылған жұмыстар сараланып, бұқаралық спортты дамыту, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру, спортшылардың жарыстарға қатысуы және олардың жетістіктері жөніндегі мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтқали Даниярұлы баяндама жасап, аудан көлемінде дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Екінші мәселе спортшыларды түрлі деңгейдегі жарыстарға тасымалдауды ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналды. Осы бағытта жауапты мамандарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және спортшыларды тасымалдау кезінде тиісті шараларды қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойылды.

Аталған мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Қордай ауданындағы №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Талғат Төлегенұлы баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе жасөспірімдерді спорт арқылы тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алуға арналды.

Осы мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Қордай ауданындағы №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Дулат Сқақұлы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, спорт саласын одан әрі дамыту, жас спортшыларға қолдау көрсету және бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.

Жиын соңында спорт саласының ардагерлері Мықтыбек Алтыбай мен Ерсін Ақпаев сөз сөйлеп, саладағы мол тәжірибелерімен бөлісті.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.