Қордай аудандық «Әділет» партиясы филиалында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны кезінде белсенділік танытып, партияның сайлауалды бағдарламасын халық арасында кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өткізілді.
Бұл шара партия өкілдері мен белсенді қоғам мүшелерінің ерен еңбегін бағалап, алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырылды. Жиында сөз алған партия филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов сайлау науқанының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл жетістік әрбір штаб мүшесінің, партия қызметкерлерінің халықпен тікелей байланыс орнатып, үгіт-насихат жұмыстарын сапалы жүргізуінің нәтижесі.
«Бұл – бірлесе атқарған ауқымды жұмыстың жемісі. Әрқайсыңыздың еңбегіңіз бен белсенділігіңіз сайлау науқанының табысты өтуіне негіз болды. Баршаңызға алғысымды білдіремін»,-деді Бейқұт Жамангозов.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау науқанын өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың атынан штаб мүшелеріне алғыс хаттар табыс етілді.
Сондай-ақ, шара барысында сайлау науқаны кезінде туындаған өзекті мәселелер мен тәжірибелер ортаға салынды, бұл келешектегі ұйымдастыру шаралары мен партия қызметін жетілдіру үшін аса маңызды.
Әділет ДҮЙСЕНҰЛЫ