Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты жасөспірімдер және балалар кітапханасының ұйымдастыруымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты кітапханалық квилт өткізілді.
Шараға «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінің білімгерлері қатысты.
Тіл – халықтың рухани қазынасы, тарихы мен мәдениетінің айнасы. Әр ұлттың ана тілі – оның баға жетпес байлығы. Ал көпұлтты Қазақстанда әр тілге деген құрмет – ел арасындағы татулық пен бірліктің берік негізі.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сонымен қатар елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің тілдері де құрметтеліп, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға жағдай жасалған.
Кітапханалық квилт барысында қатысушылар тілдің қоғамдағы маңызы, ана тілін құрметтеу, көптілділік пен ұлтаралық татулық жайында ой бөлісті.
«Мақал – сөздің мәйегі» бөлімінде білімгерлер тіл туралы мақал-мәтелдер айтып, халық даналығын дәріптеді.
Іс-шара барысында кітапхана әдіскері Дилназ Жалғауқызы «Ана тілі» туралы өлең орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара соңында қатысушыларға «Тіліміз әртүрлі болғанымен, жүрегіміз бір, Отанымыз ортақ!» деген тағылымды ой айтылып, тілге деген құрмет пен ел бірлігінің маңыздылығы атап өтілді.
Тіліміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын демекпіз!
Дилназ Баянбаева,
Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты жасөспірімдер мен балалар кітапханасының әдіскері