Кейде бір ән жүректен туып, жүрекке жол тартады. Әуезді әуен мен сырлы сөз астасқанда, ән жай ғана шығарма болып қалмай, адамның жан дүниесіне әсер ететін рухани күшке айналады. Ал сол әнді нақышына келтіре орындаған өнерпаздың үні де көптің көңілінен орын алады. Рузана Усенова — Қордайдың мәдени тыныс-тіршілігіне өзіндік үлесін қосып жүрген өнерпаздардың бірі. Оның қоңыр дауысы мен сырлы сазы аудандық мәдени шаралардың сәнін келтіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Рузана аудандық Мәдениет үйінің сахнасына алғаш рет төрт жыл бұрын шыққан. Содан бері аудан көлеміндегі айтулы мәдени шаралардың бел ортасынан табылып келеді. Әншінің шығармашылық әлемінде халық әндерінің орны бөлек. Сонымен қатар лирикалық әуендер мен елдік рухты асқақтататын патриоттық шығармаларды да жүрекпен орындайды.
Өнерпаздың балалық шағы Қырғыз Республикасының Тоқмақ қаласында өтті. Музыкаға деген алғашқы қадамы да сол жерде басталды. Қызының бойындағы өнерге деген ынтаны байқаған анасы оны музыка мектебіне жетелеп апарады. Сөйтіп, бала күнгі қызығушылық уақыт өте келе өмірлік таңдауға айналды. Музыка Рузананың жүрегінен берік орын алып, оның тағдыр жолымен бірге өрілді.
Рузана — кәсіби білім алған дирижер. Бүгінде ол сахна төрінде ән шырқап қана қоймай, өнердің қадірін жас ұрпаққа үйретіп жүрген ұстаз. Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеп, олардың бойына музыкаға деген сүйіспеншілік пен өнерге деген жауапкершілікті сіңіріп келеді.
Ұстаз еңбегінің жемісі де аз емес. Оның шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл — ұстаз үшін үлкен қуаныш әрі маңдай терінің өтеуі.
Көрермен көңілінде ерекше сақталған өнер туындыларының бірі — Халықаралық әйелдер күніне орай дайындалған ана туралы хордың орындауындағы ән. Сахнада шырқалған сырлы әуен талай жанның жүрегін толқытып, анаға деген сағыныш пен ыстық ықыласты қайта оятты. Ал Рузананың өзі үшін қазақ тіліндегі «Ана» әнінің орны ерекше. Бұл шығарманы ол жүрегіне жақын, сүйіп орындайтын әндерінің бірі деп біледі.
Соңғы уақытта әнші халық әндеріне айрықша ден қойып жүр.
«Халық әндерінің табиғатында тылсым тереңдік бар. Оларды орындаған сәтте өткен мен бүгінді жалғап тұрған көзге көрінбейтін бір арна бардай сезінесің. Халықтың мұңын да, қуанышын да, арманын да сол әндерден табуға болады», — дейді өнерпаз.
Рузананың ән қоржынында қырғыз және орыс тілдеріндегі шығармалар да бар. Әр әнді өзінше сезініп, жүрек сүзгісінен өткізуге тырысады. Өйткені әнші үшін орындаушының шынайы сезімі болмаса, әуеннің ажары толық ашылмайды. Әннің тыңдарман жүрегіне жетуі үшін ең алдымен оның орындаушының өз жүрегінен шығуы керек.
Ол — өнерді өмірінің бір бөлшегіне айналдырған әнші ғана емес, ел ертеңіне еңбек сіңіріп жүрген ұстаз. Дегенмен оның өміріндегі ең қастерлі атақ — ана болу. Балаларының туған жерде өсіп, елін, жерін, тілін, салт-дәстүрін танып, өз тамырынан ажырамай ержетуін ол үлкен сахнадан биік қояды.
Сондықтан оның бүгінгі сахнасы да, шығармашылық мекені де — Қордай. Осы жерде оның әні шырқалады, шәкірттері қанаттанадыі.
Асылында, өнердің өлшемі — атақ пен даңқта емес, ел жүрегінде қалған ізде. Әнші үшін ең үлкен марапат та — тыңдарманның ықыласы, шәкіртінің жетістігі, баласының тәрбиесі мен туған елінің алғысы.
Шолпан Сабанова