Қордай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және «Қордай – қауіпсіз аудан» бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша ведомство аралық жиын өтті.
Жиынға аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, аудандық полиция бөлімі бастығы Бауыржан Үдергенов, прокуратура өкілдері, аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, бөлімдер мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
КРИМИНОГЕНДІК АХУАЛ
Аудан прокуратурасы тарапынан криминогендік ахуалға жүргізілген талдау нәтижесі жөнінде аудан прокурорының орынбасары Е.Байжиенов баяндама жасады.
Ағымдағы жылдың 8 айында ауданда тіркелген жалпы қылмыстар саны 1,7 пайызға, яғни 299-дан 294-ке дейін төмендеген. Бірқатар ауыр қылмыстар, ұрлық және алаяқтық деректері азайғанымен, кейбір бағыттар бойынша елеулі өсім байқалады.
Атап айтқанда, «Қордай – қауіпсіз аудан» бағдарламасында бекітілген бірқатар индикаторлардың орындалмағаны айтылды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл көтерілген мәселелерге жауап бере отырып, орындалмаған 8 индикатордың әрқайсысы бойынша себептерге жеке-жеке талдау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл соңына дейін жағдайды оң бағытқа өзгерту үшін тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша Қордай аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары Ғ.Бектұрғанов пен полиция бөлімінің орынбасары С.Әмірбеков те баяндама жасады.
ҚАЙТА ҚЫЛМЫС ЖАСАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша аудандық пробация қызметінде 76 азамат тіркеуде тұр. Олардың 60-ы тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Мансап орталығымен» бірлесіп бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 4 жұмыс орнына арнайы квота белгіленді.
Қайта қылмыс жасау тәуекелі жоғары 7 сотталғанға электрондық бақылау құралы – «Beemonitor» жүйесі орнатылған.
Сонымен қатар, қайта әлеуметтендіру бағытында «Fsm-social» мобильді қосымшасы арқылы азаматтарға құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.
Оған қоса, ауылдық округ әкімдері мен полиция инспекторларының қатысуымен 2015–2026 жылдар аралығында қылмыс жасаған тұлғалардың, соның ішінде бұрын сотталғандар мен есепте тұрған азаматтардың нақты тізімі жасақталып, олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАЙЫ
Кәмелетке толмағандардың ісі және құқығын қорғау бойынша комиссиясы жыл басынан бері 19 отырыс өткізіп, 66 мәселені қарады.
Оқу орындарында 900-ден астам дәріс, 75 дөңгелек үстел және 162 ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.
Балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық қолдауын күшейту мақсатында тәуекел тобындағы оқушыларға 86 ментор бекітілді. Менторлар қатарында үкіметтік емес ұйым басшылары, ардагерлер мен жаттықтырушылар бар.
Олар бейресми көшбасшылармен, қолайсыз отбасылардан шыққан және полиция есебінде тұрған балалармен жеке жұмыс жүргізуде.
Білім беру саласындағы профилактикалық жұмыстар туралы Жамбыл облысы білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қ.Нургалиев баяндады.
ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН НЫСАНДАР
Аудандағы 19 ауылдық округте жүргізілген зерделеу нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін 40-қа жуық қараусыз қалған нысан анықталған.
Бүгінде бұл ғимараттардың кіреберістерін жабу, қоршау, бейнебақылау камераларын орнату және олардың иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу шаралары қолға алынған.
ЖОЛ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қордай ауылының Жібек жолы көшесінде 4 «SUNQAR» фото-бейнетіркеу кешені орнатылып, мектеп маңында жылдамдық шектеулері енгізілді.
Сондай-ақ, жолдардағы тәртіпті бақылау және ереже бұзушылықтардың алдын алу үшін жоғары сапалы дрон сатып алу мәселесі де қарастырылуда.
Жиын соңында құқық бұзушылықтың алдын алуда тек өткізілген іс-шаралардың санымен шектелмей, нақты нәтижеге – қылмыстың төмендеуіне және тұрғындардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге басымдық берілуі керектігі баса айтылды.
Бұл ретте құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық институттардың өзара тығыз әрі жүйелі жұмысы маңызды.
«Қордай – қауіпсіз аудан» бағдарламасын іске асыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Шолпан САБАНОВА