ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

0

Қоғамдық қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдады. Қабылдауға алдын ала 14 тұрғын жазылып, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды.

Тұрғындардың басым бөлігі баспана мәселесін көтерді. Сонымен қатар, медициналық көмекке қолжетімділік, әлеуметтік қолдау, газдандыру, тұрмыстық жағдай және басқа да әлеуметтік сипаттағы мәселелер бойынша өтініштер айтылды.

Қабылдау барысында тұрғындардың әрбір мәселесіне жеке тоқталып, оны шешудің нақты жолдары қарастырылды. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Төленұлы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – аудан әкімдігі жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Баспана мәселесіне қатысты азаматтарға «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй бағдарламалары мен қолдау тетіктері жөнінде тиісті ақпарат алу қажеттігі түсіндірілді. Ал денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға қатысты көтерілген мәселелерді зерделеп, шешу бойынша жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың өтініш-тілектеріне жедел ден қойып, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.

Мұндай жеке қабылдаулардың маңызы зор. Себебі тұрғын өз мәселесін тікелей жауапты басшыға жеткізіп қана қоймай, оның шешілу жолы мен одан әрі атқарылатын жұмыстар жөнінде нақты ақпарат алады. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы ашық байланысты нығайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Аудан әкімдігі тарапынан тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыстық және денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Басты мақсат – әрбір азаматтың өтінішіне назар аударып, заң аясында нақты қолдау көрсету және халықтың әл-ауқатын арттыру.

Шолпан САБАНОВА,

сурет Райымбек ДӘНЕКЕР

Leave A Reply

Your email address will not be published.