Үй – әрбір адам үшін қауіпсіздік пен жайлылықтың алтын ұясы. Алайда қарапайым ережелерді сақтамау немесе кішкентай да болсын немқұрайлылық таныту қайғылы жағдайларға соқтыруы мүмкін. Тұрмыстағы өрт, иіс газынан улану, газ баллонының жарылуы және балалардың терезеден құлауы сияқты оқиғалардың алдын алу – бәрімізге ортақ міндет.
ГАЗ БАЛЛОНЫН ПАЙДАЛАНҒАНДА САҚ БОЛЫҢЫЗ!
Сұйытылған газ баллондары дұрыс пайдаланылмаса, үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан:
Баллондарды тек арнайы, лицензиясы бар пункттерде толтыру қажет. Автожанармай құю станцияларында (АГЗС) толтыруға тыйым салынады;
Газ баллонын пештер мен жылыту құрылғыларының жанына қоймаңыз, оның қызуына жол бермеңіз;
Екі қабаттан асатын көпқабатты тұрғын үйлерде тұрмыстық газ баллондарын пайдалануға болмайды;
Баллонды өз бетінше жөндеуге немесе қайта орнатуға рұқсат етілмейді.
Егер үйде газ иісі сезілсе: ең алдымен газ беруді тоқтатып, есік-терезелерді ашып, бөлмені желдетіңіз. Бұл кезде ашық отты жағуға, электр құралдарын қосуға немесе өшіруге қатаң тыйым салынады!
ТЕРЕЗЕ – ОЙЫН ОРНЫ ЕМЕС
Бүгінгі таңда балалардың терезеден құлауы – ата-аналардан ерекше назарды талап ететін өзекті мәселе. Оның басты себептері – баланың қараусыз қалуы және терезе алдына жиһаздардың жақын қойылуы.
БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН:
Терезесі ашық бөлмеде бүлдіршінді жалғыз қалдырмаңыз;
Терезелерге арнайы блокираторлар мен қауіпсіздік бекіткіштерін орнатыңыз;
Терезе маңына орындық, үстел немесе төсек қоймаңыз;
Есте сақтаңыз: масаға қарсы тор (москитная сетка) баланы құлаудан қорғамайды, ол салмақ көтермейді!
Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін ұмытпаңыз
Күн суытып, жылыту маусымы басталғанда пештер мен газ қазандықтарын белсенді пайдаланамыз.
Маусым басталмас бұрын пеш пен мұржаны күйеден тазартып, ақауларын жөндеңіз;
Иіс газы түссіз әрі иіссіз болады. Тұрғын үйлерге иіс газын анықтайтын арнайы датчиктер орнатқан абзал. (Бас ауруы, әлсіздік, жүрек айну – иіс газымен уланудың алғашқы белгілері);
Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмаңыз және оның жанына тез тұтанатын заттарды қоймаңыз.
Қауіпсіздік – бір күндік науқан емес, күнделікті әдет. Төтенше жағдай туындаған кезде созбалаңға салмай, бірден жедел қызметтерге хабарласыңыз:
«101» – ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТІ
«112» – БІРЫҢҒАЙ ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІ
Қордай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі