Биыл тәуелсіз Қазақстанның дербес прокуратура органдарының құрылғанына 35 жыл толуда. Бұл – еліміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу тарихындағы маңызды белес. Осы жылдар ішінде прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау жолында үлкен тарихи жолдан өтті.
Прокуратура қызметінің басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, кез келген заң бұзушылыққа уақтылы әрі принципті түрде ден қою, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Бұл – жоғары кәсібилікті, жауапкершілікті және адал қызмет етуді талап ететін маңызды міндет.
Осы орайда прокуратура органдарының ардагерлеріне ерекше алғыс білдіру қажет. Олар қалыптастырған кәсіби дәстүрлер мен тәлім-тәрбие бүгінгі жас буын қызметкерлер үшін маңызды өнеге. Өйткені прокурор болу – тек заңды білу емес, ең алдымен әділдік қағидаттарына адал болып, әрбір азаматтың тағдырына бейжай қарамау.
Заңдылықты қамтамасыз ету – басты міндет
Қордай ауданы прокуратурасының штаттық құрамы 12 қызметкерден тұрады. Әрбір қызметкер өзіне жүктелген бағыт бойынша жұмыс жүргізіп, ортақ мақсат – заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жолында қызмет атқарады.
Прокуратура қызметінің негізгі басымдықтары қатарында азаматтардың, әсіресе балалардың және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың құқықтарын қорғау, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау, бюджет қаражатының заңды әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бар.
Заңға қызмет ету – абыройлы міндет
Прокуратура органдарының 35 жылдығы – өткен жолды саралап қана қоймай, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды кезең.
Қордай ауданы прокуратурасының қызметкерлері де заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді сақтау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.
Азаматтардың сенімі – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Сондықтан әрбір өтінішке мұқият қарап, заң бұзушылықтарды тек анықтап қана қоймай, олардың нақты жойылуына және бұзылған құқықтардың қалпына келтірілуіне басымдық береміз.
Қордай ауданының прокуратурасы