ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ЕСКЕРІЛЕДІ

0

26 мамыр күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың аудан тұрғындарымен кезекті кездесуі өтіп, бірқатар маңызды мәселелердің түйіні тарқатылды.

Естеріңізге сала кетсек, ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың басшылары әр тоқсан сайын қараша халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып тұруы тиіс. Осыған орай аудан басшысы Степное ауылында болып, мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен жүздесті. Өз кезегінде округ тұрғындары аудан басшысына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мазалап жүрген мәселелерін көтерді.
Мысалы ауыл ақсақалдары жайылым жерлердің жетіспеуі жөнінде сөз қозғады. Мәден Тоқтарбайұлы істің мән-жайын анықтап, тиісті сала мамандарынан бұл жайтты түсіндіріп беруін талап етті. Осы тұста ауыл тұрғындарының мұқтаждығы үшін жерді босату жұмыстары қазіргі уақытта жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ, жиын барысында жолдарды жөндеу, су құбырын салу, көшелерді жарықтандыру мәселелері көтерілді. Барлық сұрақтарға аудан басшысы нақты жауап берді. Кездесуде сөз алған округ тұрғындары ауылдастарын ауызбіршілікке, ауылда туындаған проблемаларды бірлесе шешуге шақырып, өз күштерімен ауылішілік жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізуді ұсынды.
Аудан басшысының осы күнгі кездесуі Қасық ауылдық округінде жалғасын тапты. Айта кетсек, Әлжан ана ауылы аудандағы көш бастаған ауылдардың бірі. Соңғы жылдары елді мекен тіптен көркейіп, үлгілі ауылдар қатарынын табылуда. Мұнда да ауыл тұрғындарымен кездесу ауылдық мәдениет үйінде өтті. Мәден Тоқтарбайұлы жиынды 5 маусымға жоспарланған жалпыхалықтық референдумнан бастады.
«Елімізде референдум соңғы жолы 1995 жылы өтті. Бұл өте маңызды әрі жауапты науқан. Сол себепті референдумға қатысып, өз азаматтық ұстанымдарыңызды байқатыңыздар», — деді ол өз сөзінде.
Жиын барысында сөз алған әрбір тұрғын ауылдарына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды атап өтіп, ел тізгінін ұстаған азаматтарға алғысын айтты. Бүгінде мұнда табиғи газ, ауыз су, асфальтталған жолдар, жарықтандырылған көшелер мен тарихи мұражай, заманауи мәдениет үйі, спорт кешені бар. Бұған дейінгі кездесулердің бірінде тұрғындар интернеттің сапасын сөз еткен болатын. Мәден Тоқтарбайұлы айтып өткендей, байланыс операторларымен жұмыс жүргізіліп, жақын арада аталмыш проблема шешімін табуы тиіс. Сондай-ақ, көтерілген мәселелердің арасында ауылішілік жолдарды жөндеу, кейбір көшелерге электр жарығын тарту, сондай-ақ ауыл жастарының арасындағы жұмыссыздықты шешу мәселесі болды. Барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.