Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Тарихыңды таны-тұлғаңды құрметте» тақырыбында облыстық жас зерттеушілер байқауы өтті. Оған Қордай ауданынан Өтеген батыр ауылының №8 орта мектебінің оқушысы Аружан Алиахмет қатысып, ауылдық кітапхананың кітапханашысы Назира Адильчееваның жетекшілігімен «Аталар ерлігі – ұрпаққа аманат» атты ғылыми жобасын сәтті қорғап, жүлделі ІІ орынды иеленді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Мәдениет және өнер» бөлімінің бас маманы Ж.Н.Құттыбаев, «Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығының меңгерушісі Ж.Ә.Өтеш, «Даңқ» залының бөлім меңгерушісі Е.Ә.Утебаев төрелік етіп, қатысушылардың жұмыстарын жан-жақты зерделеп, жоғары бағаларын берді.
Айта кетейік, өтегендік жас зерттеушінің ғылыми жобасы Ұлы Отан соғысының ардагері Өмірқұл Құлшықовтың өмір жолы мен ерлігі турасында болды. «Біз, соғыстан кейін туған ұрпақ кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ата-бабаларымыздың жанкешті ерлігі туралы оқулықтардан, көркем әдебиеттерден, кино туындылардан ғана білеміз. Соғыс ардагерлерінің соңғы буындары айтып берген әсерлі әңгімелері жанымызды, санамызды патриотизмге жетелейді. Мен осы ғылыми жобам арқылы Өмірқұл Құлшықов атамыздың ерлігін насихаттап, жас ұрпаққа оның өнегелі өмірін үлгі еткім келді»,-дейді Аружан.
Құлшықов Өмірқұл Тәнекеұлы 1907 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Өтеген батыр ауылында (бұрынғы Кеңес ауылында) дүниеге келген. Жастайынан ауыл молдасынан хат таныған. Ұлы Отан соғысы жылдарында 1-ші атқыштар ротасының 1-батальоны 391-ші полкі 170-ші дивизиясының Солтүстік – Батыс майданында ерлік көрсетті. 1943 жылдың ақпан айында Ленинград облысының Старая Русса Ильмен көлінің түбіндегі Квинецин теміржол станциясын жаудан азат ету кезінде кескіліскен ұрыста жараланып, АКП-701 госпиталінде жатып емделіп шығады. Одан кейін осы рота құрамында ерлігін әрі қарай жалғастырды. Өмірқұл Құлшықов соғыстағы ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске отыз жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы «Жеңіске жиырма жыл» мерейтойлық медальдарымен, «І дәрежелі ҰОС орденінің» иегері», «ІІ дәрежелі ҰОС орденінің иегері», «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Қордай ауданы, Өтеген батыр ауылының тумасы Өмірқұл Құлшықов 82 жасында дүниеден озған. Қазіргі таңда атамыздың 4 қыз, 2 ұл, 13 немере, 6 шөбересі бар.
Г.АБДЫБАЕВА,
Қордай аудандық орталық кітапханаға қарасты балалар мен жасөспірімдер
кітапханасының әдіскері