Өткен дүйсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалымен болған аппараттық кеңесте шығарылған сұрақтар қатарында аудандағы құрылыс жұмыстарының барысына аса мән берілген болатын. Сол кезде аудан басшысы жұмысы баяу жүріп жатқан, мерзімінен кешігу қауіпі бар мердігерлер жұмысы және соған жауапты мамандардың жұмысын қатаң сынға алған еді. Сонымен қатар, нысандар салынып жатқан ауыл әкімдеріне де бақылаудың жоқтығын айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеген.
Олардың ішінде Беріктас ауылында салынып жатқан медициналық нысанның құрылысын үнемі бақылауда ұстау, олқылықтарды дер кезінде жеткізу жөнінде округ әкіміне ескерту айтылды. Мұндай ескертулер жалпы барлық әкімдерге де жолданды десек болады. Себебі, ол нысандардың уақытылы әрі сапалы аяқталуы алдымен сол ауыл үшін керек, осыған орай ауыл әкімі барлығын мердігерге сілтеп қоймай, сол жұмыстардың басы-қасында болып, үнемі бақылауда ұстауы қажет. Мәден Тоқтарбайұлы осыны жауаптыларға баса айтқан еді. Осыған байланысты газетімізде бүгінгі таңда ауданымызда жүріп жатқан құрылыс жұмыстары туралы тоқталып өтуді жөн көрдік.
Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі 2022 жылдын 6 айындағы жоспарланған жобалардың бүгінгі жағдайы турасында мынадай ақпарат ұсынды. Қазіргі таңда ауданда 14 нысанның құрылыс жұмыстарын өндірістік кестеге сәйкес аяқтау және пайдалануға беру жұмыстары қарқын алған. Оның ішінде 11 нысан өтпелі, яғни аяқталу мерзімі келесі жыл болса, 3 жаңа нысан — Ауқатты спорт кешені, Қарасу, Қақпатас, Бетқайнар ауылдарындағы мәдениет үйлері бар. Қордай ауылы «Батыс» ықшам ауданына 5 қабатты 60 пәтерлі №6 тұрғын үй құрылысы биылғы жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Қордай ауылы Жібек жолы №1 мекен-жайына 60 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй құрылысы да ағымдағы жылы аяқталмақ.
Жалпы аудан бойынша қазір 4 ауылда спорттық-сауықтыру кешені салынып жатқаны туралы осыған дейін жазған болатынбыз. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі берген мәлімет бойынша қазір Сарыбұ-лақ ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталған. Құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Ол аяқталған соң жаңа нысан пайдалануға берілмек. Ал, Қарасай, Ауқатты, Қарасу ауылдарында бой көтеріп жатқан кешендер келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Қаржы мен техника жағынан ешқандай проблема жоқ.
Қордай ауылындағы «Батыс» ықшам ауданын 35 кВ ӘЖ электрмен жабдықтаудың инженерлік инфрақұрылымын салу жұмыстары да келесі жылға өтпелі болып отыр екен. Қордай ауылы Жібек жолы көшесіндегі 60 пәтерлі 5 қабатты екі тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын салу» нысаны жұмыстарын мердігер 80% орындаған. Жыл соңына дейін ақтау көзделіп отыр. Қазір мердігер тарапынан су жүйесі Солтүстік алқабынан қосылған.
Биыл ауданда үш бірдей мәдениет үйі салынып жатыр. Қарасу ауылындағы мәдениет ошағы осы жылы пайдалануға берілмек. Ал, Бетқайнар мен Қақпатастағы 180 орындық мәдениет үйлері келесі жылдың еншісіне қалып отыр.
Құрылыс жұмыстарының көлемі, индикаторлардың орындалуына келсек 2021 жылы құрылыс көлемінің 28 млрд. 337 млн. теңге көлемінде орындалыпты. Пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысы бойынша 63 803 шаршы метр көлемінде орындалса, 2022 жылы жылға облыстық құрылыс басқармасынан аталған индикатор 67 950 шаршы метр жоспар бекітілген. Аталған көрсеткішті 5 айдың қорытындысымен 18 256 ш.м. тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 104,5% артқан. Жоғарыда аталған индикаторлық көрсеткіштерге үнемі мониторинг жүргізілуде, дейді мамандар.
Бұл аудандағы құрылыс жұмыстарының бір бөлігі ғана. Газетіміздің алдағы сандарында өзге жұмыстар турасында хабарлайтын боламыз. Сонымен бірге, жұмысы баяу жүріп жатқан құрылыс нысандары жайында да ақпарат берілмек.