АҚЫН ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

0

Сейсенбі күні Елорда  төрінде халық ақыны, жырау, әнші және композитор Кенен Әзірбаевтың құрметіне мүсіні орнатылып, ашылу салтанатты өтті.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қаламгер, академик Уәлихан Қалижанұлы, ақынның ұлы Бақытжан Кененұлы мен қызы Төрткен Кененқызы, немерелері,  сондай-ақ астаналық өнерсүйер қауым өкілдері қатысты. Соның ішінде Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің әдіскері, ақынның немересі  Мұрат Көркемжанұлы арнайы барып қатысып келді.

Дала дарынының ескерткіш-бюстін Мырзатай Жолдасбеков пен Төрткен Кененқызы таныстырып, лентасын қиды. Сонымен қатар жиын барысында А.Жұбанов атындағы музыкалық мектептің директоры Нүркен Әшіров ақынға арнап шығарған «Көкшолақ» күйін орындаса, танымал жас талант Ержан Максим композитордың «Шырқа даусым» атты әнін орындады.

Іс-шарада жазушы, академик Уәлихан Қалижанұлы сөйлеп, ақынның телегей мұрасының маңызы жөнінде айтып өтті.

Ескерткіштің биіктігі – 3,2 метр, ал ені 70 сантиметр. Мүсіннің авторы елордалық жас мүсінші,  Астанадағы Жәнібек пен Керей хандар ескерткішін сомдаған Ринат Әбенов екенін айта кету керек. Автор мүсінге кіріспес бұрын Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын жан-жақты жинақтап, тереңірек танысқанын, әндерін тыңдап, өлеңдерін оқығанын, ата мүсінін жасауға екі ай уақыт жұмсағанын тілге тиек етті. Нәтижесінде Кенекеңнің образын баз қалпында сомдап шығарды.

К.Әзірбаев 1884 жылғы 19 маусымда, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген.  Кенен Әзірбаев – қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. Қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы. 150-дей ән толғап, әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. 1976 жылғы 12 сәуірде Жамбыл облысы, Қордай ауданында, сол кездегі Киров колхозында (қазіргі Кенен ауылы) қайтыс болды. Кенен ауылында Кенен Әзірбаевтың құрметіне 1981 жылы мемориалдық музей ашылған болатын, ол жерде ақынның тұрмыста пайдаланған жеке заттары, жазған кітаптары, өзінің домбырасы және киімдері сақталулы тұр. Музейдің алдында ақынның мүрдесі жерленген және ескерткіші орнатылған.

Сәрсенбі күні Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Алмабек Джаманкозевтің ұйытқы болуымен ақынның туғанына 139 толуына арналған «Кенен – ән мен жырдың кені екен» деп аталған үлкен іс-шара өтті.  Белгіленген уақытта осы ауыл ақсақалдары, әжелері және тұрғындары, ақынның ұрпақтары көптеп жиналды. Шараға Алматы облысынан қонақтар да келді. Олар Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Салтанат Жамбылова бастаған музей қызметкерлері еді. Айта кетейік, Жамбыл музейі Қазақстан үкіметінің шешімімен қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаев тұрған үйде 1946 жылы ұйымдастырылды. Музей Алатаудың Майтөбе биігіне таяу жатқан жазықта, Жамбыл бабамыз көз жұмған ауылда орналасқан. Іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түкпіріне таман алма мен алмұрт бағының арасында 1946 жылы салынған кесене тұр. Кесене 1970 және 1996 жылдары қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған. Кесененің дәл ортасына ұлы жыршыға құлпытас қойылған. Ақын денесі осында жерленген. Кесененің дәл іргесінде, сол жақ босағасына ақынның киесі – қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған. Жамбыл өмір сүрген үй — музейдегі бөлмелер сол күйінде сақталған. Ондағы он екі бөлменің әрқайсысы тарихи жәдігерлерге толы, әрбір зат – ақын өмірінің тікелей куәгері.

Кенекең Жамбыл Жабаевтың ізбасары әрі шәкірті болғаны тарихтан мәлім. Сондықтан қос музейдің рухани, шығармашылық байланысы заңды құбылыс. Осы күнгі шараға Жамбыл музейінің қызметкерлері абыз атаның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрме ала келіпті. Музейге жиылған жұрт қызыға тамашалағаны рас. Ал Кенен ауылдық кітапхасының кітапханашысы Роза Нұрахметова Кенен мен Жамбыл шығармалары жинақталған кітап көрмесін ұсынды.

Шараға жиылған зиялы қауым өкілдері ақынның еліне қалдырған рухани мұрасы жайлы сөз етті. Ауыл қариялары Амангелді Садыханов,  Мергенбай Құттымбетов, Кененнің әйгілі «Келінжан» әнінің кейіпкері Дина Кененова әже, Қордайдағы балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Жамбыл Нұрғалиев пен педагог Төлеген Қыдырбек, Кенен ауылы №1 балалар шығармашылығы орталығының директоры Бақытжан Архабаев және Отар ауылындағы №41 К.Әзірбаев атындағы ОМ, №42 Е.Қашағанов атындағы ОМ өкілдері өз тілегін жеткізді. Ал Жамбылдың кенже ұлы Тезекбайдың қызы Салтанат Жамбылова екі музей арасындағы байланыс жайлы сөз қозғап, Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Алмабек Джаманкозевке естелік сыйлықтар табыстады.

Іс-шараға Әлжан ана ауылдық тарихи музейінің ұжымы және ардагер-ұстаздар Бейсекүл Даукеева мен Жанат Әбішева арнайы шақырылған. Айтпақшы, ақын атаның туған күніне арналған іс-шараға Кенен ауылдық округі әкімі және оның аппараты, Қордай, Отар және Кенен ауылдарындағы БЖШО, «Насиха» әжелер ансамблі, Кенен ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері Кенен музейінің ұжымына қолдау танытып, атсалысқанын атап өту керек.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.