1966 жылы «Алмалы» қазақ орта мектебін бітіргенде олар балалықпен қоштасып үлгермеген қыршын жастар болатын. Барлығы жиырма бес бала – он төрт қыз бен он бір ұл кәмелеттік аттестат алып, үлкен өмірге құлаш сермеген-ді. Сондағы ауыл шетіндегі өздері оқыған мектеп үйі әлі күнге дейін сақталыпты, қазір де онда балалар оқитын көрінеді. Ал, арадағы алпыс жылда ұстаздарынан көзі тірі ешкім қалмаған. Бірқатар сыныптастары да бақилық болса, өздерінің де жасы сексенге таялып, жүріс-тұрыстары ауырлай түскені мынау. Сөйтсе де, көңілдері жас қалпында, баяғы бала күндерін сағына еске алып, ара-тұра осылай кездесіп тұруға асығады.
Биыл олар мектеп бітіргендерінің алпыс жылдығында кездесті. Бірге оқығандардан тоғызы қалса, Күпән Темірбекова мен Гүлсайра Естеубаева бүгінгі кездесуге келе алмады да, өзгелері бір-бірімен сағына қауышты. Бірі Алматыдан, бірі Шымкенттен, бірі Қарасай ауылынан келген олар алдымен аудан орталығында тұратын Иенбергеннің үйінде бас қосты. Дүниеден өткен ұстаздары мен сыныптастарының есімдерін атап, оларға арнайы құран бағыштады. Марқұмдардың жарқын бейнелерін еске алып, бастарынан өткен түрлі қызықты жайларды айтып бір мұңайып, бір күлісті. Өздеріне алғаш қалам ұстатқан Қасабек Сатылғанов, Қырмызы Әлмешова, кейіннен сынып жетекшісі болған Гүлзапран Келекова, Ырыс Байзақова сынды ұстаздары қандай еді, шіркін! Солардың берген сапалы білім мен тәлім-тәрбиесінің арқасында үлкен өмірдегі өз орындарын тауып отырған жоқ па!?
Мектеп бітірген соң бірі оқуға түсті, бірі әскерге кетті, енді біреулері туған жер төсін түлетіп еңбекке араласты. Сағымкүл Әлімжанова – дәрігер, Нұрлығайым Белғожаева – тігінші, Рәбиға Мағзымбаева – бухгалтер, Күлжахан Байғабылова – жұмысшы, Әбсемет Бегалиев – педагог, Қанат Сүлейменов – суреті Құрмет тақтасынан түспеген комбайнер, Иенберген Аманов – ауыл шаруашылығы маманы болып ұзақ жылдар еңбек етті. Әрқайсысы отау құрып, бала өсірді. Бүгінде барлығы ақ шашты ата-әжелерге айналып, немере-шөберелі болып отырған жайлары бар. Өмірдің әрқайсысына сыйлаған тағдыры да өзгеше еді. Мәселен, Күлжахан ері Тынысханнан осыдан қырық жыл бұрын автоапаттан айырылыпты. Бес баласын жалғыз жетілдіріп, бүгінде жиырмашақты немерелі болған. «Сынып келіндері» Райхан Омарова, Аязкүл Сүлейменова, Оралкүл Амановалардың да әрқайсысы бірнеше баланың анасы атанып, ерлерімен өмірдің қызық қуанышын бірге бөлісуде. Сыныптастарын өз шаңырағында қарсы алған Иенберген мектептен кейін Ырғайты техникумын, Алматыдағы халық шаруашылығы институтын бітіріп ондаған жыл «Агропромстрой» бірлестігінде жабдықтаушы, кейіннен ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау кеңсесінде дайындаушы, зайыбы Оралкүл болса өнеркәсіп комбинатында тігінші, райстатта есепші болып еңбек еткен. Бүгінде екі қыз, бір ұлынан бірнеше немерелер сүйіп отырған бақытты отбасы. Олардың үйіндегі Құран оқылған дастарханнан кейін сыныптастардың алпыс жылдық кездесуі кафеде жалғасты. Оқушылық кезді еске алған естеліктер айтылып, әндер шырқалды.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист