Ана деп ән саламын

0

Халықаралық балаларды қорғау күні Қордай ауданында кең көлемде аталып өтіп, көпбалалы аналарға құттықтау сөздер көптеп айтылды. Дәл осы күні Қордай аудандық білім бөлімінің қызметкерлері Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің өкілдерімен бірге бірқатар көпбалалы отбасыларға барып, сый-сияпатын тапсырды.

Мамандар ең алдымен Гүлзат Ильясованың үйіне барды. Үш баланың анасы қонақтарды жылы қарсы алып, ризашылығын білдірді. «Қонақ келсе қуанып қаламыз. Мемлекет бізді назардан тыс қалдырмай, әрдайым қолдау көрсетіп тұрады. Жылы лебіздеріңіз үшін рахмет», — деді Гүлзат.

Қонақтар азық-түлік себетін тапсырып, естелік суретке түсіп, Ильмира Фахриеваның үйіне жол тартты. Төрт немеренің әжесі айтулы күнмен құттықтауға келген қонақтарды жылы қарсы алып, төрден орын ұсынды. «Бұл күні еліміздің болашағы, қоғамымыздың кішкентай мүшелерін құттықтаймыз. Бүлдіршіндердің денсаулықтары мықты болсын», — деп сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрболат Сатымқұл балаларға сыйлықтарын тапсырды.

Айта кетсек, «Жусан» операциясы аясында Қазақстанға көшірілген бұл отбасылардың тағдыры оңай емес. Естеріңізге сала кетсек, Сириядағы шиеленіс кезінде бірқатар азаматтар дін атын жамылғандардың арбауына түсіп, Сирияға соғысқа кеткен. Алайда, Қазақстан жат жерде қиын жағдайға душар болған азаматтарын елеусіз қалдырмай, көптеген әйелдер мен балаларды туған жеріне қайтарған. Ауданымызға 4 әйел мен 6 бала жеткізілді. Бүгінгі күнге олар қоғамға бейімделу және оңалту курстарынан өтуде. Ішкі саясат бөлімінің теологы мен психологы аптасына екі рет бұл отбасылармен кездесу ұйымдастырып, оларды қоғамға кіріктіру үшін тиісті жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, олардың арасында құжаттары жоқ азаматтардың болуына байланысты құжаттарды рәсімдеу мен дайындау бойынша жұмыс атқарылды. Бұл рәсім аталған азаматтарды мемлекеттік әлеуметтік көмекпен қамту үшін қажет. Ал, былтыр аудан кәсіпкерлерінің демеушілік көмегінің арқасында Гүлзат Ильясова жаңа баспана алған.

 

Серғазы Манасбаев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.