АРМАНДАРЫҢЫЗ ОРЫНДАЛСЫН!

0

Міне, көптен күткен салтанатты сәт те келіп жеткен сияқты. Осыдан 11 жыл бұрын тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп табалдырығын аттаған ұл – қыздар, ойы толған, білім нәрімен сусындаған, оң мен солын таныған жандарға айналды. Алтын ұя мектебімізбен қоштасар күн де таяп қалды.

1 маусым күні №2 Михаил Ломоносов атындағы орта мектепте соңғы қоңырау соғылды. Бұл шара бұрынғыдан өзгерек. Кеше ғана ата-анамыздың қолынан ұстап, білім ошағы табалдырығын имене аттаған балақайлар бүгінгі таңда арман қанатында өмір деген үлкен кеменің желкенін желбіретуге аттанбақ. Алда жоғарғы оқу орны, қызмет жолы, сан түрлі тағдыр күтіп тұр.
Биыл 1179 оқушы білім алатын мектебіміз тағы бір мәрте өз түлектерін ұшырғалы отыр. Аудандағы ең байырғы мектептердің бірі саналатын білім ошағымыз, алтын бесігіміз біз үшін ең бір қимас мекен болып қала бермек. 11-шы сыныпты құрбыларымыз өте жақсы аяқтап шықты. 4 сыныптас «Алтын белгіге» үміткер болса, 11 сыныптасымыз үздік аттестатқа қол жеткізу үшін емтиханда барын салатын болады. Олар мұғалімдер мен ата-аналар сеніміне селкеу түсірмейді, деген ойдамыз. 100-ге жуық білімді де білікті ұстаздар еңбек ететін мектебіміздегі білім сапасы әрдайым көшбасшылар қатарынан қалған емес. Биыл да сол бір туды сыныптастарымыз төмендетпей, одан әрі биіктете түседі дегенге сенім мол. 2023 жылы №2 М.Ломоносов орта мектебінде 70 оқушы 11-сыныпты аяқтап отырмыз. Әрқайсының арман-тілегі таудай. «Талаптыға нұр жауар» деген осы болар. Әр сыныптас, әр мектеп бітіруші алтын ұя мектебімізге үлкен алғысымызды айта отырып, әрдайым сенімді ақтаймыз деп нық айта аламыз.
Алда, үлкен емтихан күтіп тұр. Ұлттық бірыңғай тесттен үздіктер ғана өтеді. Осы орайда өз сыныптастарыма ғана емес, жалпы ауданымыздың барша түлектеріне сәттілік жолдас болсын, армандарыңыз орындалсын, дегім келеді.

Дариға БАҚЫТ,
№2 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 11 «а» сынып оқушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.