АС-СУҒА АБАЙ БОЛ!

0

Жаз мезгілінің алғашқы айларында астан уланғандар қатарының артатыны белгілі. Өйткені бұл уақытта жеміс-жидектер мен көкөністердің біразы пісіп, барлық сауда орындарында сатыла бастайды. Ал тек жазда ғана қол жететін жеміс-жидектерді сағынған жұртшылық тез арада дәм татуға тырысары заңдылық. Осының салдарынан тұрғындар арасында өткір ішек аурулары асқына түседі. Әсіресе, ерте піскен қауын-қарбыздан уланатындар көп.

Ұлттың саулығын сақтау – әрбір мемлекет үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан халық денсаулығының дұрыс болуы үнемі назарда. Қазақта «ауру – астан» деген сөз бар. Яғни, деннің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әсіресе, жаз мезгілінде астан улану оқиғалары жиілейді. Мұның бірден-бір себебі – бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне, мұндай өнімдердің көпшілігі сырттан тасымалданады. Ал сырттан келетін бақша өнімдерін сынамадан өткізу ісі біраз кенжелеп тұр. Қысқасын айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері қатаң бақылаудан өтпестен тұтынушыға жеткізілуде.
Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану фактілері жиі кездеседі. Қарбыздар саудаға маусым айынан бастап түсуде. Бірақ тұрғындар бұл кездегі қарбыздардың көпшілігі қауіпті екендігін есінде сақтағаны жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуге тиіс. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы. Бұл – өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады. Тағы бір ескертетін жайт, ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарларда сатылған жағдайда тұтынған дұрыс. Себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексереді.
Айта кетейік, нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де, шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн. Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін бау-бақша өнімдерінің сапасы мен оның дұрыс сақталғандығына ерекше мән беру қажет. Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де жиі кездеседі.
Ал қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға салған жөн. Су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал. Қарбыз бен қауындарды таңдау кезінде қателеспес үшін ең бірінші заңсыз ұйымдастырылған базарларда сауда жасамауды әдетке айналдыру керек. Сондай-ақ, қарбыздарды жол шетіндегі сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады. Мұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрауды да естен шығармаған жөн. Алайда елімізде мұндай талаптарға назар аударатындар шамалы. Бүгінде жеміс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын да, мөлтек аудандардағы көше бойын да жағалап, ісін дөңгелетуді әдетке айналдырған. Олардың барлығында бірдей зертханалық тексеріс қағазы мен рұқсат құжаты жоқ десек те болады. Тұтынушы үшін ең қауіптісі де осы. Мұндай сауда орындарында қауын-қарбыздың басым бөлігі жерде домалап жатады. Ал бұл сауда талаптарына мүлдем қайшы. Десек те, Тұтынушылар құқығын қорғайтын мекеме жабайы сауда нүктелерінің барлығына бірдей тексеру жұмыстарын жүргізе алмайды. Яғни, тек шағым түскен орынға алдын ала ескерту беру арқылы ғана тексеруге мүмкіндік бар.
Тыңайтқыштардың күшімен өсетін қауын-қарбыздардың болатынын сатушылар да жасырмайды. Бірақ сатушылар «дәріленген» өнімдердің көбіне сәуір-мамыр айларында кездесетіндігін айтады.
Қыста ең көп таралатын дерт – тұмау болса, жазда тағамнан улану деректері артады. Әсіресе, ерте піскен жеміс-жидектен улану дерті жиі тіркеледі. Деректерге сүйенсек, жеміс-жидектерден уланып қалу жағдайы кемінде әрбір 10 адамның үшеуінде кездеседі екен. Жалпы, жаз айларында уланумен, ішек инфекциясымен ауруханаға түсетін науқастар жиілейді. Бірақ олардың улану себептері әртүрлі. Тіпті, ақ халаттылар да науқастардың неден уланғанын нақты айта алмайды. Көп жағдайда улану күнделікті тұтынатын азық-түлік салдарынан болады. Сондықтан, уланып қалмас үшін тамақтың қандай жағдайда дайындалғанына, сатушының арнайы киімі бар-жоқтығына назар аудару аса маңызды. Әсіресе, ет және ет тағамдарына сертификат пен ветеринар анықтамасын сұраған абзал. Ал мұндай анықтаманы талап етуге кез келген адамның құқығы бар. Жаз шыға салысымен, самса, бәліш, сұйық балмұздақ, түрлі сусын сатушылардың қарасы көбейеді. Алайда сатушылардың көбінде медициналық-санитариялық кітапша бар деп айта алмаймыз.
Негізінен, адамның улануына себепкер болатын тағамдар қатарына балық, ет өнімдері, қалбырдағы ет және балық, сүт өнімдері, шұжық енеді. Аталған өнімдер дұрыс сақталмаса немесе әзірлену жолы қате болса, адам ағзасы уланады. Мұндай жағдайлар әсіресе, жаз және қыс мезгілдерінде жиі орын алады екен. Уланудың алғашқы белгісі сапасыз тағамды тұтынған соң 2-4 сағаттан кейін байқалады. Көп ұзамай құсу, іштің ауырсынуы, іш өту қосылады. Дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Аталған белгілер пайда болған жағдайда, тездетіп «жедел жәрдем» шақырту керек. Улануға себеп болуы ықтимал деген астың қалдықтарын сақтап қойып, дәрігерге көрсеткен жөн. Ал дәрігер жеткенше адам әуелі асқазанды шаюы қажет. Астан уланғанда сұйықтықты көп ішкен жөн. Дұрысы – қою, қантсыз, ыстық қара шай. Осы ем-домнан кейін науқас қалтырауы мүмкін. Сондықтан жылы оранып жату, аяқ-қолға жылытқыш басу керек. Ет немесе балықтан уланған жағдайда, уланудан кейін 1-2 тәулік бойы түк жемеген дұрыс.
Тағамдық улану – бактериялар, вирустар, ұсақ жануарлар немесе өсімдіктерден болады. Улануға бактериялар және басқа да тағамдық жұқпа қоздырғыштарының әртүрлі себептермен тағам өнімдеріне түсуі әсер етеді. Пластикке оралған өнімдердің өзі зақымдалуы ықтимал. Сатушылардың лас қолдары немесе өнімдер жатқан ыдыстардың таза болмауы аурудың негізгі көзі болуы мүмкін. Жеткілікті түрде термиялық өңдеуден өтпеген (шикі немесе жартылай шикі), сонымен бірге тоңазытқышта немесе бөлме температурасында ұзақ уақыт бойы сақталынатын тағамдар қауіпті.
Қалай десек те, әр адам өз денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жауапты. Сондықтан тамақтанғанда абай болған жөн. Азық-түлікті дұрыс пайдалану, тазалықты сақтау маңызды. Әсіресе, жаз мезгілінде ерте піскен бақша өнімдерін тұтынғанда мұқият болған абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.