«ASHYQ» — мәртебеңді анықтайды

0

Күллі әлемді шарпыған пандемияның көпшілікке түрлі қолайсыздық туғызғаны айтпаса да белгілі дүние. Оның кесірінен бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды. Демалу, серуендеу сынды өмірдің үйреншікті қызықтарына шектеу қойылым, тұрғындар үйлеріне «тоғытылды». Осы ретте індеттің түбегейлі жойылуы ұзаққа созылатынын ескерген мамандар нүктелік шектеу енгізіп, қарапайым адамдар мен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Ashyq» жобасын қолға алды.

Аталмыш жобаның ұсынылғанына біраз уақыт болды. Смартфонға жүктелетін бұл жоба адамның статусын анықтауға мүмкіндік береді. Оның қалай жүзеге асатынын және бизнеске қалай оң септігін тигізетінін білмекке біз Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қордай аудандық филиалының директоры Ержан Әденге жолықтық.

-Ержан Мәмбетұлы, жалпы бұл қосымша турасында және оның қордайлықтарға көмегі жөнінде айтып өтсеңіз?

-Қордай ауданында 74 қоғамдық тамақтану орны (дәмхана, банкет залдары, мейманхана) бар, оның 30-ы аудан орталығында орналасқан. Екі кешенде дәмханалармен бірге бассейндер («Pride Park», «Тұран») және бір жеке  бассейн («СССР») бар. Оған қоса дәмханалар құрамында бір кешенде 2 сауна («Корона», «Империя»), 3 жеке бильярд орны («СССР», «Олимп» және «Бастау»), 2 компьютерлік клуб («Арена», «Влата») және 1 «Playstion» бар. Қауіпті індеттің біресе бәсеңдеп, біресе күшейіп кететінін көріп жүрміз. Абырой болғанда, бүгінгі күнге Жамбыл облысы жасыл аймақта. Дегенмен, қазіргі жағдайда сары аймаққа, тіпті қызыл аймаққа өтудің қаупі басым. Мәселен, Тараз қаласы әлі күнге дейін қызыл аймақта тұрақтап тұр. Соның салдарынан кәсіпкерлік қызмет субъектілеріне, әсіресе келушілері көп орындарға (тамақтану орындары, т.б.) қатаң карантиндік шектеулер қойылып, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі болып, артық шығынға әкеп соғады. Осы орайда, мемлекет қоғамдық денсаулыққа зиян келтірмей, бұл мәселені шешу мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Ashyq» қосымшасын енгізуді ұсынды. Бұл жоба бойынша ойын-сауық және қоғамдық мекемелер сары немесе қызыл аймақ жағдайында болса да клиенттерге қызмет көрсетіп, жұмыс істей алады.

Әр кәсіпкерлік нысанның кіреберісінде «Ashyq» қосымшасы арқылы келген адамның мәртебесі анықталады. Егер «жасыл» немесе «көк» түс жанса адам кедергісіз мекемеге кіріп, қызмет ала алады. Егер бағдарлама ауру адамдармен қарым-қатынастың немесе аурудың болуын көрсетсе (сары немесе қызыл түс) онда ол адамға мекемеге кіруге тыйым салынады. Осылайша, кәсіпкерлер өңір сары немесе қызыл аймақта болса да карантиндік шектеулерсіз жұмыс істеп, қоғамдық денсаулыққа қауіп төнбей, адамдар қалаған мекемелеріне кедергісіз бара алады.

— Кәсіпкерлер қосымшамен міндетті түрде жұмыс істеуі керек пе? Аудан аумағында жобаға қанша нысан қатыса алады?

-Кәсіпкерлер қосымшаны тегін және өз қалауынша қолдана алады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 22 мамырдағы №22 бұйрығына сәйкес аудан бойынша «Ashyq» жобасына 74 қоғамдық тамақтану орны, бір бассейн, 3 бильярд залы, 2 компьютер клубы, жалпы 81 кәсіпкерлік қызмет субъектісі қатыса алады.

-Бұл жоба басқа өңірлерде қалай іске асырылуда? Жүйені қолданып көргендер бар ма?

-Қазіргі таңда Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы «Ashyq» жобасын Тараз қаласына барынша енгізуді қолға алған. 2021 жылғы 31 мамырға қатысушылар саны – 337 QR (оның ішінде толық құқылы қатысушылар саны – 300, тесттік режимде – 37).

-Іс жүзінде қосымша ауру немесе қауіпті адамдарды анықтай ала ма?

-Қазіргі таңда жоба нақты нәтиже көрсетіп үлгерді. Мамыр айында қызыл статусымен 7, сары статусымен 16 адам анықталған. Бұл адамдар басқаларға ауру жұқтыруы мүмкін еді. Облыс бойынша аталмыш жобаны енгізу жұмыстары 2021 жылғы 1 маусымнан басталмақ.

-Жүйені енгізуге дайындық қалай жүргізілуде?

-Кәсіпкерлер палатасының Қордай аудандық филиалы кәсіпкерлік қызмет субъектілері арасында «Ashyq» қосымшасының артықшылықтары және оны енгізу қажеттілігі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге «Рублевка» дәмханасы бұл жобаны енгізуге ниет білдіріп, тіркеуден өтіп, тесттік режимде қызмет атқаруда. Оған қоса Қордай ауылындағы 10 қоғамдық тамақтану орындары жобаға қатысуға ниет білдіріп, тағы 10 қоғамдық тамақтану орны бұл мәселені қарастырып, жақын арада жауап беру керек. «Ashyq» жобасына алғашқы қатысушылар анықталғаннан кейін Кәсіпкерлер палатасының Қордай аудандық филиалымен чат құрылып, содан кейін аталмыш мобильдік қосымшаны кезең-кезеңімен ұжымдық енгізу басталады. Қоғамдық тамақтану орындары «ИнфоҚазақстан» сайтында салалық қауымдастық арқылы тіркеледі, қалған ниет білдірген кәсіпкерлік қызмет субъектілері тікелей тіркеледі. Өзге сұрақтарға кәсіпкерлік субъектілер Кәсіпкерлер палатасынан жауап ала алады, сонымен қатар «ИнфоҚазақстан» сайтының 1432 бірыңғай байланыс орталығы немесе 109 қызмет операторларына хабарласуға болады.

-Кәсіпкерлерді жүйеге қосу турасында айтып өтсеңіз?

-Жұмыс алгоритмі келесідей: бірінші қадам — Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 22 мамырдағы №22 бұйрығына сәйкес аудан әкімдіктері мен Палата филиалдары 19 бағыт бойынша қатысушылар тізімін жинайды; екінші қадам —  кәсіпкерлік қызмет субъектілеріне танысу үшін жеке-жеке қоңырау шалып, «WhatsApp»-пен құжат жолдау арқылы «Ashyq» жобасын іске асыру жөнінде ақпарат жеткізеді; үшінші қадам — қосымшаға сәйкес «Ashyq» жобасына қатысуға ниет білдіргендердің (және бас тартқандардың) тізімдері қалыптастырылады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық бөлімімен санитарлық эпидемиологиялық қорытындының немесе жұмыстың басталуы жөнінде хабарламаның болуын анықтау. Санитарлық эпидемиологиялық қорытынды немесе жұмыстың басталуы жөнінде хабарлама болмаған, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жүктеуіші кодына сай келмеген жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет (рұқсат беру қағаздарын алу жөнінде). Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 22 мамырдағы №22 бұйрығына сай келетін және санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды немесе жұмыстың басталуы туралы хабарлама алған кәсіпкерлік қызмет субъектілері (ниет білдіргендер, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлардан басқа) «infokazakhstan.kz» сайтына өтінім жібереді; төртінші қадам – Палата қызметкері Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 22 мамырдағы №22 бұйрығымен қарастырылған негіздер бойынша өтінімдерді мақұлдайды/қабылдамайды. Палата қызметкері қабылданған шешім туралы тиісті аудандық әкімдік пен Палата филиалына «WhatsApp» мессенджеріне смс-хабарлама жолдау арқылы хабарлайды; бесінші қадам – аудан әкімдігіндегі және Палата филиалдарындағы жауапты тұлғалар ұйымдарға «QR» кодты жүктеу жөнінде хабарлама береді. Содан кейін «Ashyq» жобасының қатысушылары электрондық цифрлық қолтаңба арқылы «infokazakhstan.kz» сайтына кіріп, «QR» кодты жүктейді.

 

Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.