АСЯНДИ: БІР ЖАСҚА ТОЛУ ТОЙЫ

0

Елімізді мекен еткен ұлт өкілдерінің ортақ дәстүрлері бар. Барлығымыз туған күн, той, мерейтойларды атап өтеміз. Десек те, әр ұлттың өз салты бар. Бүгін біз корей ұлтының салт-дәстүрімен таныспақпыз.
Марина мен Евгений Ким корей халқы баланың бір жасқа толу тойы асяндиды қалай атап өтетінін әңгімелеп берді.
– Корей халқы адамның өміріндегі ең маңызды үш оқиғаны атап өтеді, олар баланың бір жасқа толуы – асянди, үйлену тойы және 60 жас мерейтойы – хангаби. Наным бойынша ата-аналары баланың бір жасын атап өтпесе, оған үйлену той жасауға құқығы жоқ, ал балалар өз кезегінде хангаби – 60 жас мерейтойын атап өте алмайды.
Корей халқы баланың бір жасқа толу тойын ерекше атап өтеді. Мереке екі бөлімге бөлінеді, балаға арналып дольяби дастарханы, ал туған-туыстары үшін басқа дастарқан жайылады. Түске дейін айтылған ізгі тілектер періштелердің құлағына шалынып, орындалады деген сеніммен дольяби дастарханы міндетті түрде түскі сағат 12-ге дейін жайылады. Баланы ханбок атты корей ұлттық киіміне киіндіреді. Ханбок қаншалықты жарқырап, көрнекті болса, баланың өмірі бақытты және бақуатты болады деп саналады.
Асянди рәсімінің ең маңызды бөлігі – бал ашу. Аласа үстел үстіне өз маңызы бар белгілі заттар қойылады. Олар үрмебұршақ, күріш, чартоги (корей күріш наны), қалам, кітап, дәптер, қайшы, жіп, есептеуіш (бұрын есепшот), ақша, сондай-ақ, қыз балалар үшін – ине, ұл бала үшін – қанжар. Бала үш зат таңдайды. Ырым бойынша баланың тағдыры таңдаған затына тікелей байланысты.
Күріш – молшылық, берекелі өмір;
Үрмебұршақ – егін шаруашылығымен айналысады;
Чартоги – бақытты өмір;
Қалам немесе қарындаш – жазушы, суретші, шығармашылық мамандық таңдайды;
Кітап – білімқұмар, болашақта ғылыммен айнылысады;
Қайшы – қол еңбегімен ақша тауып, қолөнеріне жақын болады;
Жіп – өмірі ұзақ болады;
Есептеуіш (есепшот) – қаржыгер болады;
Ақша – бай-бақуатты болады;
Қыз бала ине таңдаса – көшбасшы болады;
Ұл бала қанжар таңдаса – әскери қызметкер болады.
Ұлымыз Марк ең алдымен қолына ақшаны ұстап, содан кейін қайшы мен қарындаш алды. Содан кейін бұл рәсімге қатысқан барлық жақын туған-туыстар үстелге ақшалай сыйлықтарын қойып, баланың апасы сыйлықтарды елекке салып, ақша су болып ағып кетпей, туған күн иесінің қалтасында қалсын деген ырыммен баланың басының үстінен елейді. Жиналған ақшаға ата-анасы балаға арнап естелік зат сатып алады.
Мейрамның екінші бөлігі – туған-туыстарына арналған банкет баланың өмірі шаттықты және көркем болсын деген ырыммен дәстүрлі корей билерінен басталады.
Кешқұрым бұдан да көп қонақ жиналады. Қонақтар асяндиды көтеріңкі көңілмен тойлау керек. Корейлер неғұрлым қонақ көп жиналып, жайылған дастарханнан көп адам ауыз тисе сәбидің өмірі бақытты және жемісті болады дегенге сенеді. Мерекелік дастарханда міндетті түрде корей ұлттық сорпасы, чапсари күріші, чимпени мен чартыги наны, үш түрлі салат, корей шұжығы, пигоди, кукси болу керек.
Маринаның айтуынша кәрістер баланың білім алуына, дәулеттілігіне үлкен мән беріп, бұл ұғымдарды баланың бойына туғаннан сіңіреді. Сондықтан, көп ырымдары молшылық пен байлықпен байланысты. Мысалы, бала өмір бойы жалаң аяқ болмасын деп бірінші үстелге оның аяғына аяқ киім кигізіп апарады.
Әрине, салт-дәстүрдің кімнің болса да өмірінде мән-мағынасы зор, оларды құрметтеп-қастерлеген жөн. Корей отбасылары ұлттық салт-дәстүрлерді сақтап келе жатқандары қуантарлық жағдай.
Ләйлім ӘЛЕМХАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.