АУҚАТТЫДА ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

0

Қазіргі таңда ауданымызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 19 білім ордасы қолданысқа берілген. Мектептерде аудан балалары сапалы білім алып, тәбиеленуде. Дүйсенбі күні жекеменшік мектептердің саны тағы бір мектеппен толығып, Ауқатты ауылында «ISIMJAN-1» ЖШС-нің жекеменшік мектебі ашылды.

 

Мектепке Қазақстан Республикасы прокуратура саласында 35 жыл қызмет еткен, Қордай ауданының Құрметті азаматы Нұрғали Балдақбайұлы Смағұловтың аты берілді. Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімі бастаған басшылық өкілдері, ауданға еңбегі сіңген құрметті азаматтар және ауыл тұрғындары жиналды.

Салтанатты іс-шарада бірінші сөз аудан әкімі Бегзат Болатбековке берілді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылға дейін 800 мектеп салуға тапсырма бергені баршамызға белгілі. Биылдың өзінде Бәйтерек ауылында 150 орындық мектептің құрылысы басталса, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектептің іргетасы қаланып, бір жекеменшік мектеп ашылды. Сонымен қатар, осы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша келер жылы Қордай ауылында тағы бір мектеп бой көтеретін болады. Ендеше бүгін ашылған жаңа мектеп құтты болсын, осында балаларымыздың терең білім алуына тілектеспін, — деген аудан басшысы бұл мектептен нағыз қазақстандық патриоттар өсіп шығатынына сенім артатынын жеткізді.

Осыдан кейін сөз кезегін Ауқатты ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділбай Семжанов алып, мектеп аты берілген әділет генерал майоры Нұрғали Смағұловтың өмірбаянын көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен қатар, ардагер ұстаз Мехер Джинлиров те сөз сөйлеп, мектеп ұжымы мен оқушыларды құттықтады. Мектеп лентасы қиылған соң білім ошағының директоры Шолпан Тоқбергенова көпшілікті ғимарат ішіне шақырып, заманауи жабдықтармен қамтылған сыныптармен таныстырды.

350 орындық, екі қабатты ғимаратта 14 кабинет, акт залы, спорт залы, асханасы, кітапханасы және медициналық кабинеті бар. Кең әрі жарық сыныптарда заман талабына сай барлық құрал-жабдықтары бар, алдағы уақытта балалардың қабілетін ашатын түрлі үйірмелер және робототехника кабинеті де жұмыс жасайтын болады.

— Мектеп ғимаратының құрылысын 2021 жылы бастап, бүгін қолданысқа бердік. Мектепте 25 оқушыдан 14 сынып оқитын болады. Мұғалімдердің басым көпшілігі педагог-зерттеушілер, олар балаларға қазақ және орыс тілінде білім береді, — дейді директор Шолпан Тоқбергенова.

Жекеменшік мектептердің мемлекеттік мектептерден артықшылығы мұнда оқушылар таңнан кешке дейін білім ордасында болып, мектеп асханасында тамақ ішіп, түрлі үйірмелерге қатысады. Яғни, жұмыс істейтін ата-аналар үшін өте тиімді. Себебі, олар балалардың сабағын дайындауға да басын ауыртпайды. Бәрі жекеменшік мектептің міндетіне жатады. Демек, аудандағы жекеменшік мектептердің санының артуы көпшілік үшін керек-ақ.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.