Аудан әкімі Бегзат БОЛАТБЕКОВТЫҢ 6 шілде – Елорда күнімен құттықтауы

0

Құрметті қордайлықтар! Қадірлі ағайын!

Сіздерді еліміздің мерейлі мерекесі – Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл еліміздің бас қаласына 25 жыл толып отыр. Осынау ширек ғасыр ішінде Астана ұлтымыздың рухын көтеріп, санамызға сергек сілкініс әкелді, бас қаламыздың дамудың даңғыл жолына түскеніне барлығымыз куәміз. Еңселі Елордамыздың көз сүйсіндірер келісті келбеті күн санап артып, қазіргі таңда ол әлем таныған, бейбітшілік пен берекенің орталығы саналатын ерекше қалаға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданың мәртебесі әрдайым биік екенін, ол азаттығымыз бен бірегейлігіміздің айқын көрінісі екенін үнемі атап өтуде. «Жаңа Қазақстанды» құрудағы жарқын жолымыз да осы бас қаламыздан бастау алатыны сөзсіз. Арқа төсінен орын тепкен әсем Астана — еліміздің мәуелі бүгіні, баянды болашағының бейнесі. Ол – әлем елдерінің басшылары бас қосып, жаһандық проблемаларды шешетін, бейбіт бастамаларды іске асыратын халықаралық саясаттың ордасы. Біздің Елордамыз еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы өркендеуі мен жетістіктерінің айқын көрінісі, Қазақстан халқының күш-қуатының, оның ерік-жігері мен қиындықтарды қаймықпай еңсеріп, алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізе алуының айғағы.

Жұртымыздың жұмыр жүрегі, бүтін бір мемлекеттің астанасы – бүгінде Қазақстан деп аталатын қарашаңырақтың алтын қазығы, еркіндіктің еңселі нышаны іспетті. Осында этномәдени орталықтар келісімнің керегесін керіп, дінаралық татулық бейбітшіліктің талбесігін тербетіп тұр. Бас қала алдында әлі де көптеген аса ауқымды жоспарлар мен жобалар тұрғандығы сөзсіз. Оларды жүзеге асыруға еліміздің әрбір азаматы өзінің күш-жігерін жұмсауға тиіс.

Қадірменді жерлестер! Баршаңызды атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Елдік пен тұтастықтың туын көкке көтерген бас қаламыздың мерейі үстем болып, айбыны асқақтай берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.