АУДАН ӘКІМІ МӘДЕН МҰСАЕВТЫҢ 6 ШІЛДЕ – ЕЛОРДА КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті қордайлықтар!
Қадірлі ағайын!
Баршаңызды еңселі Елордамыздың төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Осынау жылдар ішінде Елордамыз ұлтымыздың рухын көтеріп, санамызға сергек сілкініс әкелді, дамудың жаңа жолына түскеніне барлығымыз куәміз. Қазіргі таңда бас қаламыз сәулеті артқан, әлем таныған, бейбітшілік пен берекенің орталығы саналатын ерекше қалаға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елордамыздың еңсесі әрдайым биік екенін, ол мемлекеттігіміз бен бірегейлігіміздің бірден-бір көрінісі екенін үнемі атап өтуде. Биылғы жылы өткен Референдум да осы Елордамыздан төрінен бастау алып, халықтың үлкен қолдауына ие болды. «Жаңа Қазақстанды» құрудағы жарқын жолымыз да осы бас қаламыздан бастау алатыны сөзсіз. Арқа төсінен орын тепкен әсем Елорда — бүгінде ұлтымыздың символы, Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болып келеді. Әсем Елордамыз әлем елдерінің басшылары бас қосып, жаһандық проблемаларды шешетін, бейбіт бастамаларды іске асыратын халықаралық саясаттың ордасы. Біздің Елордамыз еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы өркендеуі мен жетістіктерінің айқын көрінісі, Қазақстан халқының күш-қуатының, оның ерік-жігері мен қиындықтарды қаймықпай еңсеріп, алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізе алуының айғағы.
«Еділдің бойына ел қондырсам» деп кеткен баһадүр Махамбеттің арманы Есілдің бойында орындалған секілді. Ел қонды, елорда бой көтерді. Жұртымыздың жұмыр жүрегі, бүтін бір мемлекеттің астанасы – бүгінде Қазақстан деп аталатын қарашаңырақтың алтын қазығы, Азаттықтың айнасы, еркіндіктің еңселі нышаны іспетті. Осында этномәдени орталықтар келісімнің керегесін керіп, дінаралық татулық бейбітшіліктің талбесігін тербетіп тұр. Елорда – Қазақстан халқының мәртебелі мақтанышы. Бас қала алдында әлі де көптеген аса ауқымды жоспарлар мен жобалар тұрғандығы сөзсіз. Оларды жүзеге асыруға еліміздің әрбір азаматы өзінің күш-жігерін жұмсауға тиіс.

Қадірменді қордайлықтар!
Баршаңызды атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Елдік пен тұтастықтың туын көкке көтерген бас қаламыздың келешегі кемел, болашағы баянды болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.