«Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды…» – деп ХХ ғасырдың басында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы жырлағандай, бүгінгі жаһандану заманында мемлекеттің ең басты капиталы – білімді жастар. Осы орайда, Қордай ауданының намысын республикалық додаларда қорғап, білім білігін бағындырып жүрген бір топ дарынды түлектермен арнайы сұхбаттасқан едік. Талабы таудай, ойы ұшқыр жас буынның жетістік сырлары мен өмірлік қағидалары кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз.
Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз:
Каден Анеля (№4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің оқушысы) – «Алтын түлек» республикалық олимпиадасының химия пәні бойынша І орын, «Ауыл дарыны» олимпиадасының облыстық кезеңінің ІІІ орын иегері.
Арман Нұрали (№1 Д.А.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы) – «Ауыл дарыны» олимпиадасының лауреаты, Қызыл аттестат иегері және халықаралық IELTS емтиханынан 7.5 балл алған рекордтық көрсеткіш иесі.
Мурзабаева Азалия (№4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің оқушысы) – Ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиаданың орыс тілі пәні бойынша І орын иегері.
Ақбай Исмаил (№4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің оқушысы) – Ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиаданың matematika пәні бойынша ІІ орын иегері.
Дүйсенбай Бекзат (Д.А.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы) – «Ауыл дарын» олимпиадасының математика пәні бойынша жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер.
Амангелді Амирхан (Д.А.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы) – Республикалық «GeoStar» олимпиадасының география пәні бойынша ІІ орын иегері.
– Сабақ оқуға тәуліктің қай уақыты ең тиімді? Бұл тұрғыда сіздердің таңдауларыңыз қандай?
Каден Анеля: Мен үшін таңғы 5-те оянып, сабақ оқу өте тиімді. Таңертең ми тынық, дене сергек болады. Бұл әдетті 11-сыныпқа келгенде арнайы қалыптастырдым.
Арман Нұрали: Мен де Анелямен келісемін. Таңертең адамның қабылдау қабілеті жоғары болады, ми жақсы жұмыс істейді.
Мурзабаева Азалия: Ал мен, керісінше, түнде оқығанды ұнатамын. Түн ішінде тыныштықта менің ерекше шабытым ашылады.
Ақбай Исмаил: Менің де таңдауым – түн. Себебі таңертең менің миым бірден ояна қоймайды, ал түнде ой қорыту оңайырақ.
Дүйсенбай Бекзат: Иә, таңертең ерте оянудың ағзаға да пайдасы орасан. Ақпарат миымызға жылдам әрі тез сіңеді.
Амангелді Амирхан: Менің ойымша, таң да, түн де емес, күндіз оқу керек. Күндіз адам миы белсенді жұмыс істеуге бейім келеді және мотивацияның ең жоғарғы шыңына жетеді. Мұны ғылымдағы «циркадтық ырғақтар» (адам ағзасының ішкі биологиялық сағаты) туралы зерттеулер де дәлелдейді.
БІЛІМ ИНЕМЕН ҚҰДЫҚ ҚАЗҒАНДАЙ…
– Білім алу – сырт көзге қызық көрінгенімен, негізінен қиындық пен төзімділікті талап ететін, адамды тез жалықтыратын процесс. Осы соқпақты жолда еріншектікпен қалай күресесіздер?
Каден Анеля: Мен мақсатыма жету үшін күніне кемінде 5–6 сағат тапжылмай еңбек еттім. Ең бастысы – жүйелілік.
Арман Нұрали: Маған халықаралық IELTS емтиханына дайындалу өте күрделі болды. Ол тек ағылшын тілін білу емес, сол тілді қолдану техникасын меңгеру еді. Дайындық кезінде орнымнан тұрмастан 5 сағаттап оқитынмын. Алғашында қиын, бірақ соған қарамастан оқи берсең, уақыт өте келе ол жақсы әдетке айналады. Қазір ҰБТ-ға дайындалу әлдеқайда оңай көрінеді.
Ақбай Исмаил: Мен олимпиадаға дайындық кезеңінде 4-5 сағаттап бас алмай еңбектенемін, ал басқа кездері өз-өзіме қатты жүктеме түсірмеймін.
Дүйсенбай Бекзат: Мен математика мен информатика пәндеріне күніне 1,5 сағат арнаймын. Еріншектік пен жалығудан құтылу үшін әлемге әйгілі «Помодоро» әдісін қолданамын.
Амангелді Амирхан: Шынымды айтсам, мен де табиғатымнан еріншек адаммын (күліп). Бірақ алдыма нақты мақсат қойылса, ешқашан аянбаймын. Олимпиадаға дайындық кезінде 1 сағат кітап талдасам, әлеуметтік желілердегі бейнесабақтарды көруге 3-4 сағатымды жұмсаймын. Бірақ видео-сабақтарды ауыр дайындық емес, өз қызығушылығымды қанағаттандыру деп қабылдаймын.
ТАЙМ-МЕНЕДЖМЕНТ – УАҚЫТТЫ БАСҚАРУ СЫРЫ
– Сіздер уақытты қалай басқарасыздар?
Амангелді Амирхан: Мен белгілі бір тепе-теңдікті сақтаймын. Мысалы, демалыс күндері сағат 11:00–12:00 аралығында міндетті түрде 1 сағат сабақ оқысам, түстен кейін тағы 2 сағатымды білімге арнаймын.
Дүйсенбай Бекзат: Иә, уақытты басқару – үлкен өнер, ол үшін ең алдымен мотивация және өзіңе ыңғайлы әдіс керек. Жоғарыда айтқан «Помодоро» әдісі бойынша 40 минут сабақ оқыап, 10 минут демаламын. Осылайша жеке шаруаларыма да, сабағыма да уақыт табамын.
Ақбай Исмаил: Меніңше, адам қатып қалған уақыт кестесімен ұзақ жүре алмайды. Ең бастысы – жасап жатқан ісіңнің өзіңе қаншалықты қажет екенін ешқашан жадыңнан шығармауың керек.
Мурзабаева Азалия: Адам сапалы білім алып қана қоймай, сапалы демала да білуі тиіс. Демалысың дұрыс болса, жұмысың да өнімді болады.
Арман Нұрали: Күнделікті істерімді қағазға жазып отырамын, бұл барлығына үлгеруге көмектеседі.
Каден Анеля: Тайм-менеджменттің негізі – тәртіп (дисциплина). Мектептен шаршап келіп, қайтадан қосымша курстарды оқу оңай емес. Сондай сәтте алға қойған асқақ арманың көмекке келеді. Менің арманым – Астана қаласындағы беделді жоғары оқу орнына түсу. Сондықтан бөлмемнің қабырғасына елорданың суреттерін іліп қойдым. Ол маған күн сайын ерекше серпін береді.
– Ата-ана үміті мен болашаққа деген жауапкершілік кейде үлкен эмоционалды қысым тудыратыны жасырын емес. Бұл стрессті қалай жеңесіздер?
Амангелді Амирхан: Жауабы өте қарапайым: уақытында, уайымсыз сапалы демала білу керек.
Дүйсенбай Бекзат: Мен бұл қысымға төтеп беру үшін аптаның 5 күнінде барынша көп жұмыс істеймін де, сенбі күні телефонымды толықтай өшіріп, сыртқы әлеммен байланыссыз, тек өз-өзіммен демаламын.
МИФ ЕМЕС, ШЫНДЫҚ!
Жастармен сұхбатымызды қызықты «Миф пе, әлде Шындық па?» айдарымен қорытындыладық:
- «ҰБТ-дан жоғары балл алу үшін тек жаттау керек» МИФ.
Емтихан сұрақтары үнемі жаңарып отырады. Ол құрғақ жаттауды емес, терең теориялық білім мен логикалық ойлауды тапсыруды талап етеді.
- «Дарынды болып туылу шарт емес, бәрін еңбек шешеді» ШЫНДЫҚ.
Табиғи дарының болса да, еңбек етпесең, ол ешқашан өз бағасын алмайды.
- «Гаджеттер мен ұялы телефондар оқуға тек кедергі келтіреді» МИФ
Біз гаджеттердің көмегімен халықаралық емтихандарға онлайн дайындалып, осындай деңгейге жетіп отырмыз. Бастысы – оны тиімді қолдана білу.
ТҮЛЕКТЕРГЕ АЙТАР КЕҢЕС
Сұхбат соңында аудан мақтаныштары өздері білім алған алтын ұя мектептері мен ұстаздарына шексіз алғыстарын білдірді. Ал келер жылғы жас түлектерге арнап ақжарма тілектерімен бөлісті:
«Алтын уақыттарыңызды тек ҰБТ-ның уайымымен өткізіп, мектептегі ең соңғы, ең қызықты жылдарыңызды мұңға айналдырмаңыздар. Көп кітап оқыңыздар, ой-өрістеріңізді кеңейтіңіздер. Емтихан – өмірдің соңы емес, тек үлкен белестің бастауы ғана. Өздеріңізге сеніңіздер, еңбек етіңіздер, сонда ғана армандарыңыз орындалады!» – дейді білімді жастар бір ауыздан.
Аудан жастарының бұл өрелі ойлары мен жетістіктері Қордайдың болашағы сенімді қолда екенін аңғартқандай. Ел үмітін ақтаған жас қырандардың қанаттары талмасын демекпіз!
Карима АХАН