АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МАҚСАТ

0

Ата заңымызда көрсетілгендей елімізде азаматтардың бостандықтары мен конституциялық құқықтарын нығайтуға бағытталған бірқатар реформалар жүзеге асуда. Солардың бірі – тергеу судьялары институты.

Тергеу судьясы — қылмыстық процестегі тараптардың мүмкіндіктерінің теңдігін, жеке адамның конституциялық құқықтарының сотта қорғалуын, негізсіз айыптаудан және сотталудан, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының заңсыз шектелуінен қорғауды қамтамасыз ететін процессуалдық дербес тұлға.

Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбi, оның ішінде тергеу судьясының өкілеттіктері мен оны жүзеге асырудың жалпы шарттары Қазақстан Республикасының  Қылмыстық-процестік кодексiнің (ары қарай ҚПК) 55-56 баптарында нақты көрсетілген.

Осы баптарда көзделген тергеу судьясының өкілеттіктерінің бір-екеуіне тоқтала кетсек, тергеу судьясы анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне қатысты берілген шағымдарды, сұрау салуды орындаудан бас тартылған, не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың, айыпталушының уәжді өтінішхаты бойынша, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы және басқа да мәселелерді қарайды.

Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің  басты мақсаты — адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды толыққанды қамтамасыз ету.

Осы кодекстің 106 бабына сай сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексеруге тиіс және көрсетілген әрекеттерді жасау (әрекетсіздік) және шешімдерді қабылдау кезінде заң нормаларының сақталуын анықтаумен шектеледі.

Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды.

Тергеу судьясы шағымды қарау нәтижелері бойынша, заңсыз деп танылған процестік шешімнің күшін жою туралы; тиісті лауазымды адамның әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз немесе негізсіз деп және оның жол берілген бұзушылықты жою міндетін тану туралы; прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы; шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тиісті қаулы шығарады.

Статистика көрсеткендей адамның құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін заңсыз шектеу немесе өзге де бұзу фактілері анықталған кезде тергеу судьясы заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін шара қолданады.

Жалпы құқық қорғау мен сот жүйесі қызметкерлерінің бірден-бір мақсаты – заң шеңберінде көзделген, кез келген азаматтың құқығын қорғау болып табылады.

З.Абдикеримов,

Қордай аудандық сотының

                                 тергеу судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.